Елде дизель мен керосин тауар биржалары арқылы саудаланады. Мұны биылғы 3 тоқсаннан бастау жоспарланып отыр. Осы жылы 17 млн тонна мұнай өңделіп, шамамен 12 жарым млн тонна мұнай өнімі шығарылмақ. Отандық мұнай өңдеуді қолдау мақсатында биыл бензин, дизель және әуе отынына экспорттық кедендік баж мөлшерлемесі 3 есе төмендетілді. Қазір бензин мен дизель отынын экспорттау кезінде акциз төлеуден босатуға қатысты шаралар қабылданып жатыр. Мұны елдің энергетика министрі айтты. Ал бензин мен битум осы наурыздың соңына дейін тауар биржалары арқылы саудаланбақ. Бұл ретте сату көлемі министрлік бекітетін ай сайынғы жоспарға сәйкес анықталмақ.   Биыл елде қара металлургия өндірісін арттыратын 6 жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалар ферроқорытпа, құрылыс арматуралары, болат құбырлар, темір және марганец кенін қайта өңдеу өндірісін арттыруға мүмкіндік бермек. Жоспарланған өсімге қол жеткізу үшін мемлекеттік органдармен және бизнеспен бірлесіп, отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ететін реттеуші құжат әзірленеді. Осылайша 2025 жылға қарай 4 млн тонна болат өндірілмек. Ал «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының негізгі техникалық қуатын жаңғырту аяқталады. Салынатын инвестиция көлемі 1,3 трлн теңге. Жалпы қара металдың биылғы нақты көлем индексі 105 процент деп белгіленген. Оның ішінде ферроқорытпа өндірісі шамамен 10 жарым, болат 17, ал прокат өндірісі 19 процентке артады деген болжам бар. БҰҰ мәліметінше, соңғы 50 жылда агроөнеркәсіп кешенінің адамдарға тигізетін пайдасынан зияны көбейіп кеткен. Мұны Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі басшыларының бейнеконференциясында жаһандық азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры айтты. Дунъюй Цюйдің сөзінше, азық-түлікке деген сұраныс үнемі артып жатқандықтан агрохимия, мұнай химиясы және электр энергиясын пайдалану арқылы азық-түлік өнімдерінің өнеркәсіптік өндірісі кеңейе түспек. Сондықтан атмосфераға шығатын барлық парниктік газдың төрттен бір бөлігі агроөнеркәсіп кешеніне тиесілі. Топырақтың эрозиясы мен тұздануы, қоршаған ортаның ластануы, Орталық Азияда әсіресе азық-түлік өндірісінің ұлғаюынан болып отыр. Ал қазір біздің елде алдағы 5 жылға арналған агро өнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі ұлттық жоба әзірленуде. Мұның аясында дәнді және майлы дақылдарды, жемістер мен көкөністерді, қантты, ет пен сүтті өндіру және қайта өңдеу бойынша 7 ірі экожүйе құрылмақ. Теңгенің долларға қатысты курсы жыл соңына таяу 395, тіпті 375 теңгеге дейін нығаюы мүмкін. Әрине егер мұнай бағасы барреліне 60 доллардан төмен құлдырамаса ғана. Мұндай болжамды «Ренессанс Капитал» инвестициялық компаниясының экономисі Софья Донец айтады. «Егемен Қазақстанның» хабарлауынша, егер мұнай бағасы 50 доллар болса, төл валютамыздың курсы 410-ға, егер 70 доллар болса 375 теңгеге төмендейді. Шикізат, оның ішінде қазақстандық экспорттың 14 процентін құрайтын металл бағасының қымбаттауы да ұлттық валютаға демеу. Ал Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы валюта бағамы бір айдан соң 418, бір жылдан соң 432 теңге болады деп болжаған. Валютаның шарықтауы немесе төмендеуі әлемдік мұнай нарығына тікелей байланысты. Бұл орайда АҚШ-тың Энергетика министрлігі өздерінің болжамын жариялаған. Олардың дерегінше наурыз және сәуір айларында Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 67 доллар болмақ. Жылдың екінші жартысында баға 58 долларға төмендеуі мүмкін. Ал ОПЕК-тің есебі бойынша биыл мұнайға деген әлемдік сұраныс 2020 жылмен салыстырғанда тәулігіне шамамен 6 млн баррельге өскен.  Тақырыпты жалғап, осы тұста валюта бағамына да тоқтала кетейін. Ұлттық банктің сайтында АҚШ-тың бір доллары бүгін 418 теңге 94 тиын болып тұр. Еуро 499 теңге 75 тиынға тең. Ал, рубль 5 теңге 75 тиын.

24.kz