Министрдің айтуынша, жәрдемақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,4 коэффициенті шамасында, яғни 48 мың теңге

НҰР-СҰЛТАН, 1 ақпан – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірінші топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдарға жәрдемақы төлеуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжілісте «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов заң жобасындағы жаңашылдықтарға тоқталды. Соның бірі – жаңа жәрдемақы енгізу.

«Мүгедектіктің себебіне қарамастан І топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын адамдарға жәрдемақы енгізу көзделіп отыр. Осы жәрдемақымен күтім жасайтын қосымша 24 мыңнан астам адам қамтылады», – деді Шәпкенов.

Жәрдемақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,4 коэффициенті шамасында, яғни 48 мың теңге.

Айта кетсек, биыл базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 302 теңге болып бекітілді.

Сондай-ақ, министрдің айтуынша, медициналық-әлеуметтік көрсетілімдер негізінде қажеттілік дәрежесін ескере отырып, жеке көмекшінің қызметтерін көрсету тетігі өзгертіледі.

Еске салсақ, 2018 жылдың 1 шілдесінен бала кезінен І топтағы мүгедектің күтіміне байланысты жәрдемақы 1,05 КД, яғни 31 183 теңгені құрады. Кейін азаматтардың өтінішін ескеріп, төлем мөлшері 2019 жылдың 1 шілдесінен 1,4 КД, яғни 41 578 теңгеге дейін өсті. Ал биыл 1 қаңтардан күнкөріс деңгейінің жыл сайын артуына байланысты жәрдемақы 48 023 теңгеге жетті.