Бүгін қала әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов оныншы мәрте ұйымдастырылған «Самғау» жастар сыйлығының иегерлерін марапаттады. Шара барысында қала әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы «Самғау» жастар сыйлығының иегерлерін құттықтап, алдағы уақытта да еліміздің жарқын болашағына бағытталған іргелі істерімен толағай жетістіктерге жете беруіне тілектестік білдірді.

«Самғау» жастар сыйлығы белсенді жастардың одан әрі шығармашылығын шыңдап, саяси-мәдени, рухани байлығын арттыруға қолдау көрсету, көтермелеу мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасын тауып келеді. Сыйлыққа үміткер ретінде 14 пен 28 жас аралығындағы Қызылорда қаласының белсенді жастары қатысып, үміткерлер 10 номинация бойынша таңдалды. Сондай-ақ, Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай арнайы номинация тағайындалды. Конкурсқа білім және ғылым, журналистика, спорт, медицина, мәдениет, IT, өндіріс, әлеуметтік салаларында табысты еңбек етіп, өз саласы бойынша жоғары көрсеткіштерге жетіп жүрген жастар қатысты. Әр номинация бойынша үздік шыққан 11 жасқа Қызылорда қаласы әкімінің «Самғау» жастар сыйлығы мен 100 мың теңге көлеміндегі сыйақысы табысталды.

Сонымен қатар, салтанатты жиында өңірдегі жастар саясатының дамуына үлес қосып, Қызылорда қаласы жастарының дамуына ерекше қолдау көреткен әріптестер мен қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, білімге, өнерге, ғылымға, спортқа жаны құмар, азаматтық қоғамды қалыптастыруда өзіндік үлес қосып жүрген бірқатар жастар қосымша арнаулы номинацияларға ие болды. Айта кету керек, салтанатты шара «Қоғам дамуындағы жастардың рөлі» қала жастарының форумынан бастау алды.

Тәжірибе алмасу алаңында «Қазақстанның 100 есімі» жобасының жеңімпазы, халықаралық деңгейдегі психолог, тренер С. Абдрахманова, Жамбыл облыстық жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары А. Абдуалиева спикер ретінде сөз сөйледі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!