Өнерге әркімнің-ақ бар таласы. Алайда бір терінің пұшпағын илеп жүргенмен, маңдай тері мен уақытын осы салаға арнауға, ел мені елесе демей-ақ еңбек етуге дайын шын таланттар аз. Соның бірі – қазалылық әнші, облыстық, республикалық, халықаралық конкурс­тардың жеңімпазы, бүгінде вокал бағыты бойын­ша шәкірт тәрбиелеп жүрген жас ұстаз – Рақымжан Мақсатбаевпен сұқбаттасқан едік.

Рақымжан, өнерге қалай келдіңіз? Кім немесе не мұрындық болды?
– Өзім Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде дүниеге келдім. Мектепте 4 сынып оқып жүргенімде алғаш рет әннен конкурсқа қатысып жүлделі І орын алғаным есімде.
Бала кезімде бұл тек хобби деп қарап, кез келген жерде ән айт десе айта кететінмін. Есейе келе мектепті тәмәмдап, Алматыдағы Аграрлық колледжге “Метрология, стандарттау және сертификаттау” деген мамандыққа оқуға түстім. «Тауық сойса да қасапшы сойсын» деген сөз бар. Оқып жүріп аталған саланың менікі емес екенін түсіндім. Сонда да жақсы нәтижеде аяқтап, сүйікті ісіммен айналысу үшін Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне “Эстрадалық вокал” мамандығына түстім. Бұл колледж музыкаға деген ынтамды ашты. Колледжді 2017 жылы тәмамдап, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің “Музыкалық білім” мамандығында жоғары білім алдым. Сүйікті ісің болса, оқудан, жаңа қырын білуден жалықпайсың. Осыны анық түсіндім. Кейіннен туған жерге оралып, аудандық мәдениет саласына үлес қосуды жөн санадым. Осылайша 2019 жылдан бері Әйтеке би кентіндегі мәдениет үйінде музыкалық жетекші қызметін атқарып келемін.
Өнерге келуіме аға-әпкелерім мұрындық болды десем, артық емес. Әкем 11 ағайынды. Барлығы да өнерге жақын, бір-бір аспапты жанына серік еткен жандар. 6 жасымда аға-әпкелеріммен “Мақсатбаевтар” отбасылық ансамблінің концертінде алғаш рет сахнада өнер көрсеткенім бар. Сол сәттен бері сахнадамын.
Қазіргі таңда шәкірт дайындап, конкурстан жүлдемен оралатын жас әншіден кәсіби білікті маманға айналдыңыз. Орталықтың жұмысына тоқталсаңыз…
– 2021 жылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қолдауымен балалар мен жасөспірімдерге арналған тегін мемлекеттік шығармашылық және спорттық үйірмелер ашуға мүмкіндік берілген болатын. Бұл мүмкіндікті мен де пайдаланып өткен жылдың наурыз айында “Адиля” өнер орталығын ашқан едім. Қазіргі таңда шағын орталықта “Ұлттық (халықтық) билер”, “Дәстүрлі ән”, “Домбыра” және “Вокал” үйірмесі жұмыс жасап тұр. Шәкірттеріміз бір жылдың ішінде ұстаздарының кәсіби біліктілігі мен тыңғылықты дайындығының арқасында түрлі халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық конкурстардың жүлдегерлері атанды. Орталық 150 баланы үйірмемен қамтып отыр. Оның ішінде тегін оқуға 100 бала тіркелген болса, қалған балаларға ақша бөлінбесе де құқығы тең болсын деп тегін оқытудамыз. Шәкірттеріміз ауданда түрлі іс-шараларда өнерін көрсетіп, халықтың ықыласына бөленіп жатыр. Ұстаз үшін осыдан артық бақыт жоқ.
Ауылдық жерде тасада қалған таланттар көп. Баланың бойындағы дарынын байқап қоятын сіз секілді ұстаздар шығар..? Ауыл балаларымен қандай жұмыстар атқарылуда?
– Балалар – біздің болашағымыз, өзім өнерді жақсы көрген соң осы балалардың өнерін шыңдауға кішкене болса да көмегімді тигізгім келеді. Бірақ аймақта жалға берілетін ғимараттың болмауына байланысты балалардың орталыққа жетуі қиын. Әйтпесе баян, гитара үйірмесін ашқан едік. Бала санының аз болуына байла­нысты үйірме жабылып қалды. Ол үйірмелерге ақша бөлінбесе де, өз айлығымнан ұстаздарға жалақы беріп, үйірмені көбейткім келді. Орталықтың болашағы алда. Талай шәкірттің талантын шыңдап, кәсіби бағыт берерімізге сенемін. Себебі орталықты ашу мақсатым байып кету емес, ақша үшін емес. Бастысы, ауыл балалары тасада қалмай, өнермен айналысса, бос уақытын тиімді өткізсе, бұлақтың көзін аша алсақ деген ниет.
– Өзіңіз талай рет республикалық, халықаралық конкурстарда жеңімпаз атан­дыңыз. Дегенмен өнер жүлде­мен, ақшамен өлшенбесе керек.
– Мен үшін өнер шәкірттерімнің жетістігімен, қол жеткізген мақсатпен, халықтың ыстық ықыласымен өлшенеді. Сахнадан биік табалдырық жоқ. Тек осы биіктен түспейік…
Рақмет!


Әңгімелескен
Дина Бөкебай

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!