Қазақтың жаны домбыраның қос ішегінде, ал рухы – оның қоңыр үнінде. Халқымыздың сан ғасырлық тарихын сөйлеткен бұл киелі аспап бүгін де ұлттық болмысымыздың алтын діңгегі. Біздің кейіпкеріміз домбыраны жанына жақын дос, мұңдас әрі сырлас санаған өнерпаз. Сұхбатымыздың кейіпкері өмірінің тоғыз жылын осы қасиетті аспапқа арнап, күй мен терменің тылсым әлеміне бойлаған – Бақтыгүл Шаймұрат.

– Жетігеннің әуезді үні, қобыздың қоңыр дауысы, сақпанның ерекше дыбысы… Қазақ аспабының қатарын тоқтаусыз айта беруге болады. Алайда сіз домбыраны серік еттіңіз. Бұл таңдауға не себеп? Домбыраны жан досыңызға айналдырғаныңызға қанша уақыт болды?

– Расында да, қазақтың музыка әлемі – шексіз мұхит секілді. Әр аспаптың мінезі, тағдыры бар. Бірақ мен үшін домбыраның орны бөлек. Бала кезімнен құлағыма сіңген домбыраның сол бір қоңыр дауысы маған өзгеше әсер ететін. Оның бойында кең даланың еркіндігі, бабалардың аманаты мен ұлттың тарихы жатқандай сезілетін.

Домбырамен алғаш танысқан сәттен бастап, шығармашылық әлемге ендім. Алғашқы жылы күй өнерінің қыр-сырын меңгердім. Күй – бұл сөзсіз философия. Бірақ кейінірек менің жаным терме өнеріне жақын екенін түсіндім. Терме – халықтың жиған-терген даналығы, ғасырлар бойы сіңген тәрбие мен ұлттық құндылық. Терме арқылы тыңдарманға ой сала алатынымды, олардың рухын оята алатынымды түсіндім. Міне, содан бері тоғыз жыл өтіпті. Осы уақыт ішінде домбыра менің айнымас серігіме, мұңдасыма және қуанышымды бөлісетін жақын досыма айналды.

– Қазақта «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөз бар. Сіздің ойыңызша осы тұжырымның астарында қандай философия бар?

– Иә, бұл сөздің артында үлкен сыр жатыр. Жаңа атап өткенімдей, домбыра – қазақ халқының тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін және рухын бойына сіңірген қасиетті аспап. Менің ойымша, қазақ халқы өзінің басынан кешкен нәубеттерін де, мерейлі жеңістерін де, ішкі зарын да, асқақ арманын да осы домбыраның сыңғырына сыйдыра білген.

Домбыра – қазақтың тарихы. Тіл байланған заманда домбыра сөйлеген. Халық рухы жасығанда домбыра жігер берген. Сондықтан «Нағыз қазақ –домбыра» дегенде, біз қазақтың барлық асыл қасиеті – мейірімділігі, батырлығы мен сабырлығы – осы аспаптың үнінде екенін түсінуіміз керек. Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Бірінсіз бірін елестету мүмкін емес.

– Күйшілер қауымы арасында «домбыра – киелі аспап, ол кез келген адамды таңдай бермейді, өзіне лайық серікті іздейді» деген тәмсіл бар. Бұл киелі аспаптың сізді өзіне серік етіп, бағыт-бағдар бергенін алғаш рет қашан және қалай сездіңіз?

– Өнердің киесі болады дегенге мен де кәміл сенемін. Домбыраның жаны бар. Оның мені таңдағанын алғаш рет үлкен сахнаға шыққан сәтте сезіндім. Оған дейін бұл мен үшін жай ғана хобби сияқты көрінетін. Бірақ көрерменнің алдында домбыраны қолыма алып, термені бастағанда, денемді бір ерекше сезім билеп алды. Сол сәтте мен аспаппен біртұтас болып кеткендей күй кештім. Тыңдарманның әрбір сөзім мен әрбір қағысыма ұйығанын көргенде, домбыраның маған берілген үлкен аманат екенін түсіндім. Сол сәттен бастап аспапты емес, аспап мені жетелей бастады.

Бақтыгүл ШАЙМҰРАТ: Қазақ арманын да, зарын да домбыраның сыңғырына сыйдыра білген

– Домбыраның үні – оның жасалған ағашына, тіпті шебердің көңіл-күйіне тікелей байланысты дейді. Аспаптың дыбыс ерекшелігінде, оның «мінезінде» ағаштың рөлі қаншалықты маңызды? Әлде бұл тек орындаушының техникасына ғана тәуелді дүние ме?

– Әрине, аспаптың сапасы үлкен рөл ойнайды. Меніңше, бұл жерде елу де елу пропорциясы жұмыс істейді. Алтыннан домбыра соқсаңыз да, егер оны сөйлететін шеберлік пен жүрек болмаса, ол тек жансыз зат болып қала береді. Керісінше, қарапайым домбыраның өзін нағыз дәулескер күйші алтынға теңесер дүниеге айналдыра алады. Жақсы аспап пен талантты орындаушы гармония тудырады. Орындаушы аспаптың тілін таба білуі керек, сонда ғана ол өзінің барлық мүмкіндігін паш ете алады.

– Ескі аңыздар мен наным-сенімдерде «домбыра өз иесіне бауыр басады, егер жат қолға өтсе, дыбысы шықпай, ренжіп қалады» деген түсінік бар. Өзіңіздің жан досыңызға айналған жеке домбыраңызды өзгелерге, мейлі ол туысыңыз не әріптесіңіз болсын, ұстатуға қалай қарайсыз?

– Әр домбырашы өзінің аспабына ерекше жақын болады. Мен де домбырама ерекше қамқорлықпен қараймын. Бірақ оны сенімді адамдарға ұстатуға қарсы емеспін. Дегенмен әркімнің өз домбырасына деген ерекше ықыласы болады. Сондықтан аспапты ұқыпты ұстаса болғаны.

– Ғалымдар домбыраның дыбыс жиілігі адамның жүрек соғысы мен жүйке жүйесін реттейтін, тыныштандыратын ерекше акустикалық толқындарға ие екенін дәлелдеп жатады. Күйзеліске түскен сәттерде домбыра сізді «емдеген» кез болды ма?

– Иә, домбыраның адамға рухани күш беретін қасиеті бар деп ойлаймын. Көңіл-күйім болмай немесе шаршап жүрген кездерімде домбыра алып, терме орындасам, жан дүнием тынышталып, бойыма күш-қуат келеді. Өнер адамға ерекше демеу болады.

Өмірде де түрлі сынақ болады. Сондай кездерде оңаша қалып, домбырамды қолыма алсам, барлық уайымнан арылғандай боламын.

– Төкпе және шертпе күйдің табиғаты, орындалу мәнері – екі бөлек әлем. Осы қос бағыт қазақ халқының болмысын екі түрлі қырынан қалай сипаттайды? Олардың негізгі айырмашылығы мен ерекшелігі неде?

– Төкпе мен шертпе – қазақ жанының қос қанаты. Төкпе күй – екпінді, жігерлі, батырлық пен асқақ рухтың символы. Оны тыңдағанда, делебең қозып, атқа қонып шапқың келеді. Бұл – қазақтың қайсарлығы мен еркіндік сүйгіш мінезі. Ал шертпе күй – сыршыл, нәзік, терең философиялық ойға құрылған. Ол адамды ішкі толғанысқа салады. Бұл – қазақтың даналығы мен биязылығы, парасаттылығы. Бұл екі бағыт қазақ халқының мінезі мен дүниетанымының әртүрлі қырларын көрсетеді.

Бақтыгүл ШАЙМҰРАТ: Қазақ арманын да, зарын да домбыраның сыңғырына сыйдыра білген

– Домбыра – сөз жетпейтін, тіл қауқарсыз болатын жерде сөйлейтін құдіретті аспап. Сіз үшін дәл осындай «тілсіз сөйлейтін» ең қуатты күй қайсы?

– Маған «Ақсақ құлан» ерекше ұнайды. Бұл шығармада қайғы, тағдыр және тарихи оқиға суреттелген. Тыңдаған адам күйдің мазмұнын сөзсіз-ақ сезіне алады. Күйдің дыбысымен-ақ құланның дүбірін, жебенің ысқырығын, ханның қаһары мен әкенің қайғысын сезінуге болады.

– Репертуарыңыздағы ең сүйікті шығармаңыз туралы айтып өтсеңіз. Ол сізді несімен баурап алды?

– Термені жаным сүйеді. Әсіресе тәрбиелік мәні жоғары, жастарға өнеге беретін термелер ұнайды. Себебі ол арқылы адамға ой салуға, жақсы қасиеттерді насихаттауға болады. Сол үшін терме өнерін ерекше жақсы көремін. Ол мен үшін маңызды рөлге ие.

– Аспап адамды тәрбиелей ала ма? Домбыра үйрену барысында музыкадан бөлек қандай өмірлік сабақтар алдыңыз?

– Сөзсіз, аспап – ең қатал тәрбиеші. Домбыра маған ең алдымен сабырлықты үйретті. Бір күйді немесе термені нақышына келтіріп орындау үшін жүз рет қайталау керек. Сонымен қатар, домбыра жауапкершілікті серік етті. Сахнаға шыққанда сен тек өзің үшін емес, ұлттық өнер үшін жауап бересің. Домбыра маған уақытты бағалауды, жүйелі жұмыс істеуді үйретті. Сонымен қатар оның арқасында сахна мәдениетін меңгеріп, адамдармен еркін қарым-қатынас жасауға дағдыландым.

– Сахна күтпеген жағдайға толы ғой. Өнер көрсетіп жүріп басыңыздан өткен қызық оқиға бар ма? Сондай қысылтаяң сәтте тығырықтан қалай шықтыңыз?

– Сахнада әртүрлі жағдай болып тұрады. Бірде сахнаға қатты толқып шыққаным есімде. Соның салдарынан сөздерді шатастырып ала жаздадым. Бірақ орындау барысында өзімді жинақтап, өнерімді жалғастырдым. Сахна өте киелі. Оның көзге көрінбейтін бір құдіреті бар. Сахна сыртында толқыған сәтіңді үлкен алаң мен халықтың ыстық ықыласы ұмыттырып жібереді. Жалпы сахнадағы тәжірибе орындаушыны шыңдай түседі.

– Сұхбат үшін рақмет! Өнеріңіз өрлей берсін! Сұхбаттасқан

Мерей ШӘКРАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!