Қазақ өнерінің қара шаңырағының бірі саналатын Нартай Бекежанов атындағы қазақ акаадемиялық музыкалық драма театры талай таланты тәрбиелеп, ұлттық мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Дәл осы театрдың сахнасында әр рөлге жан бітіріп, көрерменнің ықыласына бөленіп жүрген актердің бірі – Санат Жүзбаев.

Өнер жолы оңай емес. Әсіресе сахнада әр кейіпкердің тағдырын жүрекпен сезіп, көрерменге жеткізу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осы орайда актермен кездесіп, өнердің құдіреті, өмірдің мәні мен жастардың болашағы туралы әңгімелестік.

– Санат аға, бала кезіңізде сізде қандай армандар болды? Өнер жолын таңдауыңызға не себеп?

– Бала күнімнен өнерге қызығушылығым ерекше болды. Мектептегі түрлі шараға қатысып, сахнаға шығуға ұмтылатынмын. Уақыт өте келе өнерге деген қызығушылық махаббатқа айналды. Кейін осы жолды таңдап, актер болуға шешім қабылдадым.

– Актерлік мамандықтың сіз үшін ерекшелігі неде?

– Актерлік өнердің басты ерекшелігі – әртүрлі тағдырды көруге, сезуге мүмкіндік бар. Бір рөлде батыр болсаң, екінші рөлде қарапайым ауыл азаматын сомдайсың. Әр образ арқылы жаңа өмірді танисың. Бұл мамандық адамды ізденуге, өзін үнемі дамытуға үйретеді.

– Өмір сізге қандай маңызды сабақ берді?

– Өмір маған сабыр сақтауды үйретті. Кейде адам қалағанына бірден жете алмайды. Сондай сәттерде мойымай, еңбек етуді жалғастыру қажет. Қандай жағдайда да адамгершілікті жоғалтпау маңызды.

– Ал сахна сізді қалай өзгертті?

– Театр мені өмірге басқа көзбен қарауға үйретті. Әр рөлдің артында бір тағдыр, бір өмір жатыр. Кейіпкерлердің қуанышы мен қайғысын сезіну арқылы адамдарды жақсырақ түсіне бастайсың.

– Сомдаған рөлдердің ішінде өзіңізге қайсы рөл жақын?

– Актер үшін әр рөл қымбат. Өйткені олардың әрқайсысына уақытыңды, еңбегіңді және жүрегіңді арнайсың. Кейбір рөлдер көрерменнің есінде ұзақ сақталады, ал кейбірі өзіңе ерекше әсер қалдырады.

– Сіз үшін «бақыт»…

– Мен үшін бақыт – жақын адамдарымның амандығы, сүйікті ісіммен айналысу және еңбегімнің нәтижесін көру. Адам өз ісінен ләззат ала білсе, сол үлкен бақыт деп ойлаймын.

– Қазіргі жастардың бойында қандай қасиеттер болғанын қалар едіңіз?

– Ең алдымен білімге деген құштарлық болғанын қалаймын. Сонымен қатар еңбекқорлық пен жауапкершілік маңызды. Қазіргі жастардың мүмкіндігі көп, тек сол мүмкіндікті дұрыс пайдалана білу керек.

– Егер жастық шаққа оралуға мүмкіндік болса, өзіңізге қандай кеңес берер едіңіз?

– Өз-өзіме «уақытты бағала» деп айтатын едім. Кейде адам қолында бардың қадірін кеш түсінеді.

– Жастарға қандай ақыл-кеңес айтасыз?

– Үлкен армандардан қорықпаңыздар. Қандай мақсат қойсаңыздар да, оған жету үшін табандылық керек. Қиындықтан қашпай, керісінше оларды тәжірибе ретінде қабылдаған дұрыс.

– Өміріңізді бір сөйлеммен сипаттасаңыз?

– Өмір – үздіксіз ізденіс пен еңбектің жолы.

– Адамдар сізді қандай қасиетіңізбен есте сақтаса дейсіз?

– Шынайылығыммен және өнерге адалдығыммен есте қалсам деймін. Өнер адамы болу маңызды, бірақ ең алдымен жақсы адам болып қалу одан да маңызды.

− Шығармашылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан Нұрсұлтан БАЙНАШ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!