Қалалық мәдениеттің ажырамас бөлшегіне айналған әдет – кино көру. Әсіресе, сүйікті фильмді үйден емес,  кинотеатрдан тамашалаған  анағұрлым әсерлі әрі уақыт өткізуге де пайдасы мол. Оған қоса жаңадан шыққан кинофильмдерді елмен қатар бақылау сәнге айналғалы біршама уақыт болды. Үлкен экран, керемет дауыс және поп-корнның дәмі көпке дейін естен кетпесі анық. Енді, міне, мұндай ерекшеліктің қатарына ашық аспан астындағы кинотеатр қосылуда.

Заман дамыған сайын кинотеатрдың сан түрі жарық көрді. Жеке адамға, отбасыға арналған, көлік  ішінде қарауға бағытталған түрлі нұсқа көрерменнің талғамын қанағаттандырып, табыс көзіне айналып үлгерді. Солардың қатарында ашық аспан астындағы кинотеатрдың жаңашылдығы мен ерекшелігін баса атап өткен жөн секілді. Себебі жабық ғимаратта ұзақ отыруға шыдамайтын адамдар мен карантин талаптарын сақтау үшін мұндай шешім тиімді болмақ. Тіпті, сәтін тапса, аталған кәсіп түрінің табысы да жетерлік.

Мысалы, Қызылорда қаласындағы бір топ жас Теміржол саябағынан ашық аспан астындағы кинотеатр ұйымдастыруды бастаған. Күн сайын әлемдік танымал фильмдер көрсетіліп, демалысты достармен  өткізуге жағдай жасалыпты. Бүгінде келетін көрермендердің қатары артып, фильм тамашалауға ниетті жандардың саны артып келеді. Ол үшін Instagram әлеуметтік желісіндегі  парақшасы мен ұйымдас­тырушылардың байланыс нөмірі тұрақты қызмет көрсетуде. Кез келген келуші өзіне қажетті фильмнің уақытын нақытылап, алдын ала орынға тапсырыс беруі шарт.

– Аталған идеяны жүзеге асыруға қызылордалықтардың көп көмегі тиді. Себебі ашық аспан астандағы кинотеатрды ұйымдастыру үшін қоғамның ішкі мәдениеті мен өз-өзін ұстау әдебі қалыпқа түсуі маңызды. Көрсетілім барысында дауыстап сөйлемеу, ортақ мүлікті ластамау, өзгелерге кедергі келтірмеу секілді қарапайым ұстаным – келушілерден талап ететін басты қағида. Кинотеатр мәдениет ошағына айналғанын ескерсек, мұндай талап орынды секіді. Ал ерекшелігіне келсек, ашық аспан астындағы кинотеатр жабық ғимараттағыға қарағанда баға саясаты тұрғысынан тиімді. Оған қоса таза ауа, көңілді кеште достар арасында емін-еркін отыруға мүмкіндік көп, – дейді ұйымдастырушылар.

Шынында, бұрын ашық аспан астындағы кинотеатр шетелдік мәдениеттің бөлшегі көрінетін. Ал қазір әлемде кең етек жайып, тез танымал болуда. Тіпті көптеген кинематографтың қызығушылығын тудырып, бизенестің жаңа бағыты есебінде ескеріледі. Қазақстанда кәсіптің бұл бағыты мүлде дамымаған десе де болады. Америкалық ашық аспан астында жасалған автокинотеатрлардың көшірмесін баяғыда-ақ жасап алуға болады деп ойлаған болармыз, бірақ біздің елдің климаты мұндай жобалардың жылдам арада өзін-өзі ақтауына мүмкіндік бермей келді. Әйтсе де, жас­тар­дың жобаға қызығушылығы мен нарықтағы бос кеңістік аталған саланың жаңа тынысын ашып, кәсіпті дөңгелетуге мүмкіндік сыйлайтындай. Қазірдің өзінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында ойын-сауықтың бұл түрі дамып келеді.

Саябақтағы кинотеатр ғашықтардың сырласып, достардың көңіл көтеретін сүйікті орнына айналғаны жасырын емес. Мұнда кешкі мез­гілде «Өрмекші адам», «Түстер сақшысы», «Моана», «Торонтолық адам», «Келімсек» атты танымал фильмдердің көрсетілімі жүруде.

– Қаламызда ашық аспан астындағы кинотеатрдың ашылғанына қуаныштымыз. Кешкі уақытта әріптестер, дос-жарандармен таза ауада серуендеп, саябақта кино көруді әдетке айналдырдық. Отыратын орын да ыңғайлы, жарықтандыру де керемет, фильмнің сапасы да жоғары. Ешқандай техникалық ақау болған емес. Облыс орталығында мұнадай көңіл көтеретін нысандардың саны көп болғанын қалар едім, – дейді қала тұрғыны Мерей Бақытбеков.

P.S. Қала мәдениетімен қатар дамитын кино көру әдебі қоғам келбетін қалыптастырумен шектелмей, жаңашыл идеяларға да бастау болары анық. Ашық аспан астындағы кинотеатрдың жұмысы да сұранысқа сай ұйымдастырылған бастама екенін ескерсек, әлі талай тың мәдени нысан Сыр елінен орын тебері белгілі.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!