Қазіргі уақытта бұрын естімеген жаңа кәсіп түрлері жандануда. Мемлекеттен көрсетіліп келе жатқан қолдаудың оң қыры дейміз бе, кәсіпкерлік саласына қадам басқандардың ішінде қызылордалық жастар да жеткілікті. Бірі қоқысты қайта өңдесе, бірі ұлттық бұйымдар тігеді. Енді бірі экологиялық таза өнім – эпоксидті шайырмен үйдің көркін келтіретін үстел, декорация ретінде іліп қоятын дүниелерді жасап шығаруда.

Та­би­ғат салған тың бейнелер мен бір-біріне мүлде ұқсамайтын сұлу жаратылысты дизайнерлер шебер пайдалана отырып, тазартылған немесе жоғары технологиялық интерьерлерді табиғи күйіне мүмкіндігінше жақын нысандармен толықтырады. Табиғаттың бір бөлшегінен жасалатын өзіміздің өнімдер – бренд пен трендте. Осындай ерекше кәсіп түрімен айналысып жүрген кейіпкеріміз – жеке кәсіпкер Жұлдыз Өмірғалиева.

Эпоксидті шайырмен өнім жасау барысында кез келген адам қарапайым ағаштан, оның діңгегінен, бұтақтан қайталанбас сұлулықты көре алады. Жаңа сұлулықты өз қолымен шеберлігіне сай көрсетеді. Кейіпкеріміздің қолынан шығатын ағаштың бойлық немесе көлденең кесіндісінен жасалған үлкен немесе кішкентай өлшемдегі үстелдер қалыпты өмір сүру кеңістігіңіздің ерекшелігі болмақ. Мемлекеттік «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының аясында қайтарымсыз грант иегері атанған кәсіпкердің бизнес-жобасы бойынша эпоксид шайыры мен ағаштан үстел, картина, сағат сынды түрлі декорациялық дүниелер жасалады.

Эпоксидті шайыр – түрлі мақсатта қолданылатын материал. Электроникадан бастап салқын DIY жобаларына дейін қажет. Мәселен, жылтыр өзен үстелін жасау үшін эпоксидті шайыр болса жеткілікті. Ол үшін шайырды бөлектегіңіз келетін кез келген бетке мөлдір қабат ретінде қосу керек.

«Өнім кең қолданысқа ие. Сонымен қатар жаңа туындыны жасау үшін қатырғыш қоспа қажет. Өндірісте кеңінен қолданысқа ие бұл материалдан үстел, сағат, картина, ыдыс жасауға болады.

Осы салада бір жылға жуық жұмыс істеп, көптеген тапсырысты орындадым. Қасымда жұмыс бойынша көмектесетін бір шебер бар. Арнайы жасалған курс бойынша жастарға да шеберлік сағаттарын өткіземін. Эпоксид шайырымен жұмыс шетелдерде қарқынды дамығаны соншалық жылдан жылға бұл өнімдерге сұраныс артып, тауар айналымы кеңеюде. Қазақстанға келгеніне небәрі 2 жыл ғана уақыт болды. Дегенмен бізде де жақсы дамуда. Қызылорда қаласына алғаш болып осы саланы әкеліп, қызығушылығы бар жастарға үйрете бастағаныма қуаныштымын. Тапсырыс берушілер мен осы өнерді үйренушілер разы болып, өзінің сүйікті ісін тапса, мен де бақыттымын. Себебі бұл сала көпбалалы аналар мен шығармашылыққа жақын жандар үшін таптырмас мүмкіндік сияқты. Сүйікті ісің арқылы ақша тапқанға не жетсін!», – дейді кәсіпкер.

Хоббин кәсіпке айналдырған кейіпкеріміз осы уақытқа дейін ірілі-ұсақты 500-ден аса тапсырыс орындаған. Қайтарымсыз грант қаражатына Алматы қаласынан станок JKM-300, одан бөлек бірнеше ағашқа арналған аралар, лобзик секілді қажетті құралдарын алған. Эпоксидпен қатар өнімдерді жасауда декоративті заттар – бояғыштар, пигмент, жылтыр өң беретін заттар қолдануда.

– Әлеуметтік желілерден эпоксидті шайыр арқылы жасалған сағаттарды, үйге іліп қоятын декоративті картиналарды жиі қарап, қызығатынмын. Біздің қалада да үйрететін, жасайтын адам болса ғой деп ойлап жүруші едім. Бір күні танысым арқылы Жұлдыздың жұмыстарын көріп қалдым. Әдемі әрі ерекше сәнді. Қатты қуанып, сағатқа тапсырыс бердім. Бағасы да қолжетімді, дизайны да көңілімнен шықты. Содан бастап үнемі ризашылығымды айтып, сағатты сұраған қонақтарыма оның жұмыстарын әлеуметтік желі арқылы көрсетемін. Жастардың да бұл салаға қызығушылығы жоғары. Сондықтан алдағы уақытта одан әрі дамып, сұранысқа ие болуы заңдылық деп ойлаймын, – дейді қала тұрғыны Азат Рахманұлы.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!