ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті аймақтағы барлық мемлекеттік қызметшілерді қан тапсыру акциясына шақыруда. Акция агенттіктің «Игі істер уақыты» бастамасы аясында өткізілуде.

Облыстық қан орталығының мәліметіне сәйкес қазіргі таңда аймақта қан тапшылығы бар. Тұрақты донорларға деген сұраныс өте жоғары. Орталық мамандарының айтуынша, тұрғындар арасынан орталыққа өз еріктерімен келіп, қан тапсыратын донорлар бар. Дегенмен күн суытқалы бері олардың да саны азайған.

Осыған орай, облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті мемлекеттік қызметкерлер арасында бастама көтеруде. Өзге әріптестеріне үлгі ретінде департамент басшысы қызметкерлермен бірге қан орталығында қан тапсырды. Акцияға ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының қызметкерлері де атсалысты.

«Биыл Мемлекет басшысы жариялаған «Еріктілер жылына» орай осындай бастама көтердік. Мақсатымыз –  облыстағы барлық мемлекеттік қызметшілерді ерікті қан доноры болуға шақыру. Сол арқылы халық арасында донорлықты насихаттау. Қан тапсыру – әрбір адамның қолынан келетін іс. Қиналған жандардың өміріне үміт сыйлайтын игі бастамаға әріптестеріміз барынша қолдау білдіреді деп сенемін», – деді департаменттің басқарма басшысы Ғалымжан Ілкібаев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!