Атақты «Оскар» сыйлығының «Үздік толықметражды анимациялық фильм» номинациясы 2002 жылдан бастап беріле бастағанын білеміз. Оған дейін мультфильмдер көркем фильмдермен қатар негізгі номинация бойынша бәсекеге түссе, кейде арнайы жүлдеге ие болатын. Мәселен, «Су перісі», «Сұлу мен құбыжық», «Аладдин», «Арыстан патша» сынды бұрынырақ шыққан мультфильмдер де «Оскар» жүлдесіне іліккен. Назарларыңызға соңғы онжылдықтағы «оскарлық» үздік 10 анимациялық фильмнің тізімін ұсынамыз.
«Ранго» анимациялық фильмі 2011 жылы АҚШ-та жарық көрген. Шытырман оқиғалы қиял-ғажайып туындының ұзақтығы – 107 минут. Мультфильмнің режиссері – Гор Вербински. 245 млн АҚШ долларынан астам табыс түсірген туындыда Рангоны Джонни Депп дыбыстайды.

Басты кейіпкер Ранго – террариумда тұратын хамелеон. Ол өзін батыр санағанымен оны жұртқа дәлелдеудің жолын таба алмай жүреді. Бір күні ол тағдырдың жазуымен айдалада қалады. Өзінің батырлығын сынайтын сәт туғанын сезінген Ранго «әділдік үшін күресушімін» деп жариялайды. Алайда алда қандай қиындықтар күтіп тұрғанынан хабарсыз еді.
АҚШ-та жарыққа шыққан әдемі туындының бірі – «Батыл жүрек». Шытырман оқиғалы қиял-ғажайып туынды 2012 жылы ұсынылған. Бас кейіпкер Мерида ханшайым – атқан жебесі нысанаға дәл тиетін мерген. Бір күні ол орманда жарқырауық қуып жүріп әлдебір мыстан кемпірдің арбауына түсіп қалады. Анасы аюға айналып кетеді. Ханшайым жағдайды түзеу үшін барын салады.
Pixar және Walt Disney Pictures компаниясының мультфильмі 2011 жылы 5 қазанда ұйқы безінің қатерлі ісігінен қайтыс болған Apple басшысы Стив Джобске арналған. Бұл студияның Джобс қайтыс болғаннан кейінгі алғашқы мультфильмі. Туындының ұраны – «Тағдырыңды өзгерт».
«Мұзды өлке» – 2013 жылы «Оскарға» лайық деп танылған америкалық туынды. Шытырман оқиғалы қиял-ғажайып туындының ұзақтығы: 102 минут.
Ханшайым Анна әпкесі Эльзаны табу үшін Кристофф есімді жігіт, бұғы Свен және аққала Олафты ертіп, қауіпті сапарға аттанады. Олар байқаусызда өз патшалығына зиян келтіріп, мәңгі қыстың орнауына себеп болады. Walt Disney студиясының елу үшінші толық метражды анимациялық фильмінен 1,2 млрд АҚШ доллар қаражат түскен.
«Қайтпас қайсар» мультфильмі – 2014 жылы жарыққа шыққан туынды. Қиял-ғажайып, атыс-шабыс, комедия жанрын қамтитын мультфильмде Хиро Хамада есімді жас ғалымның бастан кешкен хикаясы баяндалады. Достарымен бірге робот жасаумен айналысатын бозбала күндердің күнінде қаскөймен бетпе-бет келеді.
Walt Disney Animation Studios шығарған анимациялық көркем фильм Marvel комикстеріне негізделген, алайда түпнұсқадан айтарлықтай ерекшеленеді. Фильм 650 млн АҚШ долларынан астам қаражат жинаған.
2015 жылы жарыққа шыққан «Сезімдер таласы» комедия мен драма жанрында қатар түсірілген. Мультфильм 11 жастағы Райлидің бойындағы эмоциялардың таласы жайлы баяндап, сол арқылы жасөспірімдердің психологиялық жай-күйін сөз етеді. Райлидің өмірінде тек қуанышты сәттер қалдыруға тырысатын Қуаныш, жақындап кетсе қайғыға салатын Мұң, бәріне байыппен қарайтын Жиіркеніш, қит еткеннен төбе шашы тік тұратын Қорқыныш, ашуға тез бой алдыратын Ыза кейіпкерді бес жаққа тартып отырады.
Pixar студиясының өнімі режиссер Пит Доктердің идеясына негізделген. Туынды аз уақыт ішінде 850 млн АҚШ долларынан астам қаражат жинап үлгерген.
2016 жылы АҚШ-та жарияланған «Аңдар шаһары» детектив, шытырман оқиға жанрларында түсірілген. Сюжетке тоқталсақ, жануарлар өмір сүретін Аңдар шаһарында сүтқоректілер мен жыртқыштар тату-тәтті күн кешіп жатады. Шаһар жануарлардың өмір сүру ортасына сай түрлі ауданға бөлінген. Қалада жаңа полиция офицері пайда болады, ол – көңілді қоян Жуди Хоппс. Өзін жақсы қырынан көрсетуге тырысқан қоян қу түлкі Ник Уайлдпен бірге аса күрделі істі тергеуге кіріседі.
Туынды 2016 жылдың 18 наурызында әлемдік прокатта жарты миллиард АҚШ долларынан астам табыс жинаған үшінші «Диснейлік» өнім болды, ал сол жылдың 5 маусымында кинематография тарихындағы табысы миллиард АҚШ долларынан асатын төртінші мультфильм ретінде тарихта қалды.
2017 жылы ұсынылса да, әлі күнге дейін көрерменін жоғалтпай келе жатқан көркем анимациялық туындының бірі – «Коконың құпиясы». Фантастика, шытырман оқиға жанрында түсірілген туындыда басты кейіпкер 12 жастағы Мигельдің арманы – Мексикада аты аңызға айналған әнші Эрнесто де ла Крустың ізін жалғастыру. Ал оның отбасында музыкаға толық тыйым салынған. Алайда Мигель «Өлілер күні» мейрамында әлдеқашан о дүниелік болып кеткен ата-әжесін жолықтырып, ауылының аспанын әнге бөлейді.
Pixar студиясының толықметражды компьютерлік анимациялық музыкалық фильмі «Оскар» жүлдесін «Үздік анимациялық фильм» және «Үздік әуен» номинациялары бойынша алған. Картина 800 млн АҚШ долларынан астам қаражат жинаған.
«Өрмекші адам: әлемдер арқылы» туындысы фантастика, шытырман оқиға, атыс-шабыс жанрында жарық көрген онжылдықтағы үздік туындылардың бірі. 2018 жылы жарық көрсе де, әлі күнге дейін кішкентайлардың назарын өзіне аударта алатын мультфильмнің ерекшелігі жанрлардың сан алуандығында болса керек.
Майлз Моралес – қарапайым мектеп оқушысы. Бір күні оны радиоактивті өрмекші шағып алады. Бір қарағанда осыған дейін жарық көрген классикалық өрмекші адам хикаясының желісіне ұқсайтын сынды. Алайда ол ғаламдағы жалғыз өрмекші адам емес екен.
Columbia Pictures және Sony Pictures Animation шығарған туынды Marvel Comics кейіпкері Майлс Моралеске негізделген. Туынды қаралым нәтижесінде 375 млн АҚШ долларынан астам қаражат пайда әкелген.
«Ойыншықтар хикаясы 4» – 2019 жылдың үздік шытырман оқиғалы комедиясы. Туындының желісі бойынша бас кейіпкер Энди мектепке барғаннан кейін сүйікті ойыншықтарын кішкентай Бонниге береді. Ал Бонни балабақшада өзіне ас үй құралдарынан Форки деген ойыншық жасап алады. Қызығып, жақсы көретіні сонша оны күндіз-түні жанынан тастамайды. Бір күні Форки жоғалып кетеді. Ал басқа ойыншықтар бірігіп, оны іздеуге шығады.
Туындыны Pixar Animation Studio шығарса, Walt Disney Pictures таратқан. Мультфильм 1 миллиард АҚШ долларынан астам табыс тауып, 2019 жылдың ең көп табыс әкелген 6-шы фильмі атанса, 43-ші боп барлық уақыттағы ең табысты фильмдердің қатарына енді.
«Жан» мульттуындысы көрермендерге 2020 жылы ұсынылды. Шытырман оқиғалы, қиял-ғажайып комедияның жалпы ұзақтығы: 100 минут. Туынды Джо Гарднер есімді музыка пәнінің мұғалімі туралы. Ол кішкентайынан сахнаға шығып джаз орындауды армандайтын. Әрекет еткен ойлағанына оңай жетеді. Кейіпкердің арманына қол жеткізер күні де туады.
Алайда оқыс оқиғаның нәтижесінде оның жаны екі әлемнің ортасында қалады. Яғни мұнда әлі өмірге келмеген балалар мен жансақтау бөлімінде жатқандардың жаны мекендейді. Джо өмірге қайту үшін қолынан келгеннің бәрін жасап көруге дайын. Мультфильм жарық көргеннен кейін пандемияға байланысты көп жерде көрсетілмей қалған еді. Соған қарамастан туынды 2021 жылы «Үздік әуен» және «Үздік анимациялық фильм» аталымдары бойынша 93-ші «Оскар» сыйлығын жеңіп алды.


Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!