Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың жалға алып отырған баспана ақысының 50%-ын мемлекет төлеп береді. Олардың барлығы бірдей мемлекет қолдауына үміткер бола ала ма? BAQ.KZ тілшісі осы мәселені зерделеп көрді.
Мемлекет тұрғын үй кезегіндегі халықты баспанамен қамтудың түрлі жолдарын қарастырып келеді. Мәселен осыдан 10 жыл бұрын пәтерлер «сатып алу құқығымен жалға» берілсе, бес жылдан бері «сатып алу құқығынсыз жалға» беріле бастады. Баспана кезегінде тұрғандар саны жыл санап көбеймесе, азаймайды. Олардың барлығын бір уақытта баспанамен қамту мүмкін емес дүние. Көбінесе тұрғын үй кезегіне алғаш тұрғандар баспаналы болып жатыр. Дегенмен соңғы 2-3 жылда жаңашылдық пайда болды. Мемлекет кезекте тұрған адамдардың пәтер жалдау ақысын субсидиялай бастады. Жалдауды субсидиялау жалпы соманың 50%-ын ғана құрағанымен, осынау қымбатшылық заманда көп адамға көмегі тиері сөзсіз. Бұл ретте аталмыш көмек бәріне бірдей бұйыра бермейтінін айта кету керек.

Қай санаттағы азаматтар жалдау ақысының 50%-ын субсидиялай алады?

Төрт санат бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған қазақстандықтар мемлекет қолдауына ие бола алады:

  1. 1 және 2-топтағы мүгедектер
  2. мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар
  3. Жетім балалар
  4. көпбалалы отбасылар

Талаптары қандай?

Әр әлеуметтік көмекті ұсынбас бұрын үміткерге белгілі бір талаптар қойылады. Соларға тоқталып өтсек. Ең әуелі субсидияға тапсыратын адамның Қазақстан азаматтығы болуға тиіс. Сонымен қатар отбасының соңғы 6 айдағы жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс. Бұдан бөлек ол тұрғын үйге мұқтаж жан ретінде есепке қойылғанын, санаты бойынша «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес тұрғын үйге мұқтаж мәртебесін растауы қажет.

Төлемдерді алу үшін отбасының табысы қандай болуға тиіс?

Отбасының немесе субсидияға тапсыратын азаматтың соңғы 6 айдағы жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде ең төменгі күнкөріс деңгейі 43 407 теңгеге тең. Мысалы отбасында 5 адам – ата-ана және үш баласы болса, олардың бір айдағы жалпы табысы 217 035 теңгеден аспауға тиіс.

Табыс ретінде не ескеріледі?

Жалақы
Жеке кәсіпкер ретіндегі кірістері
Өтеулі қызмет көрсету келісімшарты бойынша тапқан табысы
Зейнетақы және басқа да әлеуметтік төлемдер
Жалға берілетін тұрғын үйдің құнын қалай анықтаймыз?

Отбасылар жалға берілетін үйді өздері іздейді. Оның құнын есептеу кезінде бірқатар факторды ескеру керек.

Өтініш беруші жеке тұрғын үй қорынан жалға алып отырған баспананың 1 шаршы метрінің жалдау ақысы АЕК-тің жылдық деңгейінің облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар мен астананың коэффициенттері негізінде есептеледі.

Мәселен 1-3 адамнан тұратын отбасы үшін үйдің ш.м. 40м²-ден артық емес, 4-5 адамнан тұратын отбасы үшін ш.м. 60м²-ден, 6 және одан көп адамнан тұратын отбасы үшін ш.м. 80м²-ден артық емес болуға тиіс. Егер тұрғын үй үлкен болса, онда сомадағы айырмашылықты жалға алатын отбасының өзі төлейтінін ескеру қажет.

Өзіңіз алдын ала есептеуді қалай жасай аласыз?

Алдымен жалға берілетін тұрғын үйдің ауданын тексереміз. Ол рұқсат етілген ауданнан үлкен немесе кіші ме? Егер үлкен болса, онда ең үлкен рұқсат етілген аудан бойынша есептейміз.

Ал кіші болса, онда нақты белгіленген аудан бойынша есептейміз. Нәтижесінде шыққан жалдау ақысын келісімшартта көрсетілген жалдау ақысының сомасымен салыстырып, субсидияны есептеу үшін кішісін таңдаймыз, содан кейін екіге бөлеміз.

Жалдау ақысын субсидиялауға өтініш беру реті қандай?

Жалдау ақысын субсидиялауға өтініш берместен бұрын, төмендегі шарттарға көз жеткізу қажет:

Сізде қолданыстағы электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) бар.
Отбасы банкінде депозитіңіз бар. Депозитіңіздің болуы сізге арнайы шотты автоматты түрде ашуға мүмкіндік береді. Кейін оған төлемдер аударылады.
Пайдаланушы otbasybank.kz порталының басты бетінде өзінің субсидия алуға үміткер азаматтардың тізімінде бар-жоқтығын тексереді. Ол үшін ЖСН мен телефон нөмірін енгізсе болғаны.
Егер пайдаланушы үміткерлер тізімінен табылса, әрі ол банк клиенті болса, онда өтініш беру мүмкіндігі бар басты бет ашылуы керек.
Пайдаланушы өтініш береді. Ол үшін төлемдерді алу туралы өтінішке қол қояды және жеке деректерді жинауға және өңдеуге келісім береді. Құжаттарға қол қойылғаннан кейін жүйе деректерді өңдеп, отбасының құрамын анықтайды.
Отбасының құрамын анықтағаннан кейін, кәмелеттік жасқа толған әрбір отбасы мүшесі otbasybank.kz сайтында «қонақ» ретінде тіркеліп, жеке деректерді жинау және өңдеу келісіміне, зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты алу құқығына, табысы туралы ақпараттың шынайылығына кепіл болатын келісімдерге қол қоюы керек. Өтініштерге ЭЦҚ арқылы қол қойылады.
Жүйе деректерді қайтадан тексеріп, өтініш берушіге субсидия алуға келісім береді немесе себебін түсіндіріп, өтінішін кері қайтарады.
Егер өтініш мақұлданса, хабарламада жалға алу аймағы, пәтер ауданы, жалдау ақысының максималды мөлшері мен қатысушыға тиесілі ең жоғары субсидия көлемі көрсетіледі.
Субсидия алуға мақұлдау өтінім мақұлданған күннен бастап 1 ай ішінде жарамды. 1 күнтізбелік ай өткеннен кейін өтінім жойылады.
«Пәтер иесі туралы деректер» бөлімінде өтініш беруші жалға берушінің ЖСН немесе БСН көрсетуі керек және осы сәттен бастап процесс жалға алынатын тұрғын үйдің иесі қосылатын екінші кезеңге өтеді.
Бұл жерде мақұлдау алынғаннан кейін баспананы жалға беруші процеске қосылады.

Жалға беруші ЭЦҚ арқылы сайтта авторизациядан өтеді.
«Жалға алу ақысын субсидиялау» бөлімінде деректерін растайды.
Жеке деректерді жинау және өңдеу туралы өтінішке қол қояды.
Жалға берілетін пәтердің кадастрлық нөмірін және қаражат аударылатын 20 сандық шотты көрсетеді.
Жүйе жалдау шартын және төлем кестесін жасап шығады, оған тараптар ЭЦҚ арқылы қол қояды.
Субсидия алуға өтініш беруші жалдау шартын тіркегені үшін мемлекеттік баж салығын төлейді.
Субсидия алуға үміткердің жеке кабинетінде төлем кестесі бар жалдау шарты пайда болады.
Ақылы негізде субсидия алып беретін мамандар көбейіп кетті

Қазір әлеуметтік желілерге көз жүгіртіп өтсеңіз, Egov.kz сайтынан түрлі қызметтерге қол жеткізуге көмектесіп, ЭЦҚ кілтін ашып беріп, мемлекеттік бағдарламаларға тапсыруға жәрдемдесіп, нәпақасын тауып жүрген адамдар көп. Олардың жыл санап көбейіп келе жатқаны бұл қызмет түрінің сұраныста екенін айғақтайды. Осы шолуды дайындаудағы мақсатымыз – халықтың цифрлық сауаттылығын арттырып, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекті насихаттау болды. Сіз ешкімге ақша бермей-ақ кез келген мемлекеттік қызметті өздігіңізден ала аласыз. Бар болғаны жоғарыда көрсетілген реттілікпен мұқият оқып отырып тапсырсаңыз жеткілікті. Алғаш рет тапсырғанда бас тартылған болса, қайта тапсырып көруге мүмкіндік беріледі.

Қазір Қазақстанда қанша адам баспанаға мұқтаж?

Kezekte.kz порталындағы мәліметке сәйкес қазір ел бойынша 646 577 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде адам саны көп санаттарды қарастырсақ:

жетім балалар – 62 425,
көпбалалы отбасылар – 117 308,
халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтары – 254 857,
1 және 2-топтағы мүгедектігі бар адамдар – 55471,
Мүгедек балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасылар – 25371,
Жасы бойынша зейнеткерлер – 18828,
Толық емес отбасы – 148718,
Мемлекеттік қызметшілер – 208529
Қазақстан бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 74759 адам баспаналы болды. 1051 адам сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйге қол жеткізсе, 9901 адам сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйде тұрып жатыр. Сонымен қатар 11705 азамат «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы арқылы баспана алды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!