Жазира ТЕМІРБАЕВА, «Wisefull» психологиялық орталығының психологы

Қазіргі кезде психология енді дамып келе жатқан саланың бірі. Десек те психолог көмегіне жүгінушілер көп. Бұрынғымен салыстырғанда адамдар үшін көп нәрсе қолжетімді бола тұра күйзеліске түсіп, жан тыныштығын таба алмауының себебі неде?

‒ Ежелден ата-бабамыздың өмір сүру салтында дін, діл, құндылық деген дүниелер өте терең қалыптасқан. Ежелгі грек, Византия, мұсылман мемлекеттерін алып қарайтын болсақ, белгілі бір наным сенімдері болған және сол құндылықтарға сай өмір сүруге тырысқан. Сол себепті орта ғасырда философия ғылымы көбірек дамыды. Кейінгі кезде құндылықтар ұмытыла бастады да, адамдар өзінің наным-сенімдерінен ажырап, жан азығын іздеуге көшті. Альберт Фрейдоның «адамзаттың басындағы ең қиын заман – ХХ ғасыр» деген сөзі бар. Бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстың болуы, әлемдегі үлкен төңеріс кезінде адамдардың материалдық тұрғыданғана емес, рухани түрде жұтап қалуы психология саласының дамуына ықпал етті. Психика ‒ «жан», ал «логос» ‒ «жан туралы ғылым» дегенге сайып келеді. Сол себепті «жан деген не нәрсе», «ол қайдан келді», «қайда барады» деген сұрақтарға жауап таба алған кезде ғана адамның ішкі келеңсіздіктері мен күйзелістерінің шешімін табуға болады.

‒ Бүгінгі таңда адамдар орталыққа қандай шағыммен келеді?

‒ Келушілердің мәселесі әртүрлі деп айта аламын. Қанша жан болса, сонша шешілмеген түйін бар. Сондықтан белгілі бір талапқа сай топтастырып айту қиын. Бірақ жалпылама алғанда отбасы мәселесімен, өз орнын таппай жүрген адамдардың сұрақтармен жиі жолығамын. Орталықта жасөспірімдермен бірге жұмыс жасайтын академиялық коучинг деген арнайы бағдарламамыз бар. Жобаның мақсаты ‒ адамның  бойындағы қабілетіне сәйкес болашақта өзі қалайтын мамандығына бағыт-бағдар беру. Өйткені адам 17 жасқа келгенде өзінің қоғамдағы орнын іздей бастайды. Сол жерде екі түрлі психологиялық аспектіге келіп тоқтайды. Ең алдымен адам бұл сұрақтардың жауабын табу үшін өзінің кім екенін білу керек. «Оның әлсіз немесе мықты тұстары қандай, басқа адамдарға қарағанда қолынан қандай дүниеге келуі мүмкін?»деген сауалдарадамның өзін тануына әкеледі. Бірақ адамның өзін-өзі тануы жеткіліксіз, сондықтан екінші кезекте адамға сенімділік керек. «Нарықта бұл мамандық бойынша сұраныс болсын-болмасын, табыс көзі көп немесе аздығына қарамастан мен бұл нәрсемен айналысамын» дегендей сенім болу қажет. Бұл қажеттіліктер орындалмаған кезде адамды үлкен күйзеліске алып келеді. Мысалы, ұйқымыз келгенде ұйықтай алмау физикалық жайсыздықтарға алып келетіні тәрізді. Жасөсіпірімдер көбіне «менің қоғамда өз орным жоқ, менің қолымнан ешнәрсе келмейді» деп өзін-өзі жоғалтып алу, өз қабілеттеріне сенбеу тіпті бар екенін білмеу сынды күйзеліске түсіп жатады. Сондықтан дәл осы жерде психологтың көмегі қажет. Бірақ бұл жерде жағдайға кінәліні іздеудің мәні жоқ. Себебі қашанда күйзелістен кейінгі шешім маңызды. Байқасаңыз, адам сондай бір керемет жаратылыс. Оның ерік-жігері бар және қандай жағдайда болсын таңдау еркі бар. Жағдайға байланысты ашулануына  немесе ашуланбауына  болады. Психологиялық жұмыс кезінде біз таңдаудың екінші жағы бар екенін пациенттің есіне салып, назарын бұру арқылы кезінде ұмытып кеткен шешімге қайта барып, дұрыс мәміле жасауына қолдау көрсетеміз.

‒ Баланың бойындағы қабілетін тани алмауы оны белгілі бір деңгейде дағдарысқа ұшыратады дедік. Мұндай жағдайда балаға көрсетілетін көмек қандай болу қажет?

‒ Бұл жерде психологиялық көмекке жүгіну мүмкіндігі болмаса келесі кеңестерге мән берген жөн.  Ең бірінші айтарым, адамдарға білім қажет емес. Ақпарат заманында кез келген тақырыпта білім алуға болады. Қазірадамдарға қолдау жетіспейді. Балаңыз сізге түрлі қиял, оймен келген кезде өзіміздің орындалмай қалған армандарымызды солардың өлшемінен өткізбей, балаға еркіндік беру арқылы қолдау көрсете аламыз. Мысалы, «қой қайдағыны шығарма, ол салада табыс аз» деп уайымдап немесе «әкең осындай мамандықта оқыған, сен де дәрігер боласың» деген нәрселерден сәл аулақ тұрып, өзіміздің ойымыз бен таңдауымыз, өз өміріміздегі шектеулерді балаға таңбай жасай алсақ, соның өзі ең үлкен қолдау. Ол шешімге көңіліміз толмауы, бәлкім баланың сол істің маманы боларына көзіміз жетпеуі мүмкін. Бірақ бұл жерде баланың шекарасын аттамаудың өзі маңызды. Себебі бала сіз ойлағандай маман болмаған күннің өзінде өз өміріне жауапкершілік алады, екіншіден өз-өзіне сенімді болады. Ал бұл дүниені ешкім ешқандай бағаға сатпайды.

 ‒ Қазір бала кездегі травмалар деген түсінікті жиі естіп жүрміз. Кішкентай кездегі қалыптасқан психологиялық қысымның әсері уақыт өте келе жазыла ма?

 ‒ Дұрыс айтасыз, травманың өмірдегі әсері көп. Ол травмада қаншалықты өмір сүруіне байланысты. Мысалы, ата-анасы баласын қараңғыда тастап кетті. Бұл процесс бір рет болды ма әлде үздіксіз жалғасты ма? Осыған байланысты травманың әсері болашақта көрініс береді. Екіншіден, травма адамның табиғатына байланысты әсер етеді. Қоғамда адамдарды бір қалыпқа салу деген қате түсінік бар. «Мына бала қорыққан жоқ қой, сен неге қорқасың, мына қыз айтып тұр, сен неге айта алмайсың?» деп барлық бала қорықпау керек, бәрі бірдей жауап беру керек тәрізді қателіктер де кездеседі. Сол себепті біз травмаға қарай «мынадай жағдай болады» деп айта алмаймыз. Жан – өте терең, астарлы ұғым. Оны психологтар да, ғалымдар да «өмір бойы ізденсек те бір адамның жанын толық түсіне алмаймыз» деп сипаттаған. Соққыдан кейінгі жағдайды біз сол себепті де айта алмаймыз. Травманы мидағы кейбір нейрондың қатып қалуы немесе байланыстың құрылмай қалуы деп түсіндіруге болады.

Қазір психология орнында поп-психология бар. Ол шоу-бизнеске, ақыл-кеңес айтып, медитация жасау керек деген мағынаға жақын. Бірақ мұны шынайы психология деп айта алмаймыз. Ғылыми тұрғыдан қарастырылатын психологияда адам өзінекөбірек жауапкершілік алады. Адам неғұрлым психологиялық ақпарат білсе соның өзі оны күйзеліске ұшартуы мүмкін. Кейбір әлеуметтік желідегі психологиялық кеңестер адамдағы жоқ травмаларды қозғап жіберуі ықтимал. Сол себепті травма деген дүниеге аса қатты ден қоюдың қажеті жоқ. Тек мазаңызды үздіксіз алған жағдайда ғана қаперге алуға болады.

 ‒ Психолог ақыл-кеңес айтпауы керек деген түсінік бар ғылымда. Ал сіздер мәселені шешуде келушіге қандай көмек ұсынасыздар?

‒ Қоғамда психолог сюжетпен жұмыс істейді деген қате түсінік бар. Мысалы травманы алайық, оның түрі көп. Балалық шақтағы травма, оның ішінде ата-ананың келіспеушілігі деп кете береді. Балалық шаққа қарай үңіле беретін болсақ, оған бір адамның өмірі де жетпейді. Бірақ психолог бұл жерде фильм көрген сияқты жұмыс жасамайды және оған әсерленбейді де. Оған мәселе қызықты емес. Бұл жердегі психологтың қызметі жан мен адамның байланысы қалай үзілді, не себепті үзілді және оны қалай жалғау керегін анықтау. Бір қарағанда адам ішкі сырын айтқысы келмейді бірақ келесі сәтте бәрін айтып қалғысы келеді.Мұның өзі пародокс.

‒ Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!