Бүгінгі кейіпкеріміз «Жақсы нәтижеге жету үшін бірінші кезекте өзімізді тәрбиелеуіміз керек» деп сөз бастады. Иә, шәкірт тәрбиелеу оңай жұмыс емес. Десе де алдына келген жеткіншекті өз баласындай көріп, байрақты бәсекеде бақ сынағанда тақымын қысып, бар жақсылықты тілейтін жаттықтырушылар бар. Солардың бірі – Ернар Ибрай.
Апта басында сол жағалаудағы теннис орталығына барғанда дәл жаттығу кезінің үстінен түстік. Жас спортшылар жаттықтырушының нұсқауын мұқият орындауда. Жаттығу қыза түскен сайын балалар да ширақ қимылдай бастады. Бірі допты дәл бағыттауға тырысса, енді бірі жылдамдықпен жұмыс істеп жатыр.
− Ернар, баланы үстел теннисіне баулу кезінде, ең алдымен, неге мән бересіз?
− Деннің саулығы. Иә, біз үшін бірінші кезекте баланың денсаулығы маңызды. Әрі қарай тенниске деген қызығушылығын арттырып, осы спорт түріне дағдыландырамыз. Алғашында жас спортшыны жеңіл жаттығулармен шұғылдандырып, кейін физикалық бағытқа көңіл бөлеміз. Сол арқылы баланы бірден күш түсіп кетуден сақтап, психологиялық тұрғыда алдын ала дайындаймыз.
− Орталықта қанша бала жаттығады?
− Қазір 300-ге жуық спортшы жаттығады. Олардың ішінде түрлі олимпиадада елеулі жетістікке жетіп, бой көрсетіп жүргендері де біршама. Енді, жас ерекшелігіне тоқталсақ, 5 жастан 15 жасқа дейінгі аралықтағы балаларды ақысыз қабылдаймыз. Егер жас теннисші әрі қарай жаттығамын десе, 16 жасқа дейін тегін қатыса алады. Ал 16 жастан бастап ересектер тобына қосылады. Ал онда спортшылар ақылы түрде қатысып, шеберліктерін шыңдайды. Яғни келемін, үйренемін деген адамға есігіміз әрқашан айқара ашық. Ешкімге ешқандай шектеу жоқ.

− Теннис орталығының ашылғанына екі жыл болды. Осы аралықта шәкірттеріңіз де біршама биікті бағындырған болар…
− Қаламызда үстел теннисінің ашылғанына − бес жыл, ал осы орталықтың пайдалануға берілгеніне екі жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында айтарлықтай жетістікке жетіп, өз талантымыз бен қабілетімізді көрсете алдық. Артта қалған бес жыл біз үшін тарихи сәт болып қала бермек, себебі алғашқы жемістің дәмін сол кезде таттық. Нақтылап кетсем, Қазақстан чемпионатынан қыздарымыз команда болып III дәрежелі орынды иеленді, жұптық пен жекелей ойындарда I, II дәрежелі орындарды қанжығамызға байлап жүрміз. Одан бөлек, бір оқушымыз спорт интернатына түссе, енді бірі халықаралық байқауларда жүлделі орын алып, беделімізді арттырып жатыр. Әр жаттықтырушы үшін барлық шәкіртінің орны бірдей, оларды жақсы көріп, мейірммен қарайды. Мен үшін есте қалған сәт қалалық үстел теннисінен алғашқы медаль иеленгеніміз. Иә, одан кейін де қанжығамыз майланды. Десе де бірінші жетістіктің орны бөлек. Сүйікті ісімен шұғылданатын әр адам үшін бұндай сәттер ерекше ыстық болатыны сөзсіз.
− Ал жетістікке жетіп, мықты спортшы болу үшін не істеу керек?
− Орынды сұрақ. Бірінші кезекте кімге болмасын табандылық қажет. Өзін алға сүйреп, жалқаулығын жеңе білген адам – қарсыласын да басып озады. Оқушыларымнан да соны талап етемін. Еңбекқор болып, шыдамдылықты бойға сіңірген спортшы ғана алға жылжиды. Жаттықтырушы ретінде балаларыма балық емес, қармақ беремін. Сол арқылы жеңістің оңайлықпен келмейтінін түсінсе екен деймін.
− Алдағы уақытқа жоспарларыңыз қандай?
− Биыл облыста Қазақстан чемпионаты өтеді. Бұл біз үшін де, Сыр елі үшін де жауапты кезең. Себебі бұл – туған жердегі алғашқы чемпионат. Осы додада алтын иелену жас спортшыларымыз үшін үлкен мотивация болатын еді. Ал жеңісті жіберіп алмау үшін балаларым барлық назарын тенниске бұрып, жақсылап дайындалу үстінде.
− Осы спортқа енді ғана аяқ басқан балаларға немесе ата-аналарға қандай кеңес бересіз?
− Сөздің шыны керек, ата-аналардың 70%-ы баласын тенниске «балам бос отырып қалмаса екен», «телефонға тәуелділігін азайтсам» екен деген мақстатта әкеледі. Әрине бұл өкінішті жағдай. Балалардың зейіні қалта телефонына ауып бара жатқаны кімнің болса да өзегін өртейді. Міне, сол үшін ата-аналар баласын әртүрлі, үйірмеге беріп, назарын басқа бағытқа аударады. Шамамен 30% ата-ана ғана баласының қабілетін байқап, осы спорт түріне баулиды. Ата-аналардың тарапына айтқым келетін ең бірінші кеңес – баладан аз уақыт ішінде жоғары нәтиже күтпесе екен деймін. Себебі баланың бейімделуі мен сол спорт түріне деген қабілетін анықтау үшін кемінде бір жыл уақыт керек. Ал көп ата-ана бір немесе екі айдың ішінде баласынан жақсы нәтиже көрмесе, бұл спорттан ілгері қалдырады. Осылайша біраз баланың таланты жабық күйінде қалып кетуі мүмкін.
Қорытындылай келе айтарым, теннис – тек спорт емес, ол баланың мінезін қалыптастыратын үлкен мектеп. Мұнда тәртіп, еңбекқорлық, шыдамдылық секілді қасиеттер дамиды. Егер бала осы жолда табандылық танытса, кез келген жетістікке жете алады. Біз әр баланың бойындағы қабілетті ашып, дұрыс бағыт беру үшін бар күшімізді саламыз. Ең бастысы – бала мен ата-ананың сенімі және үздіксіз еңбек.
− Әңгімеңізге рақмет!
Ақбота ҚОЛҒАНАТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!