Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің негізгі мақсаттарының бірі сапалы маман даярлаумен қатар, университет қабырғасында жас кәсіпкерлер тәрбиелеу. Осы ретте, «Business-START» жастар кәсіпкерлік орталығы «ИНКУБАЦИЯ 1.0» студенттік стартап жобалар маусымын бастайды. Бағдарламада 10 апта көлемінде қатысушы студенттер идея сатысындағы жобаларды прототип сатысына дейін дамытуды үйренеді. Осы арқылы алғашқы инвестицияларға қол жеткізуге мүмкіндік алады. Бұл туралы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің медиа орталығы хабарлайды.
Есепті кезеңде орталық 600-ден астам жастардың қатысуымен 15 семинар мен тренинг өткізді. Сондай-ақ, жыл сайын дәстүрлі түрде жас кәсіпкерлердің стартап жобаларының облыстық байқауына қатысып келеді. Биыл «Kbh.startup 2021» байқауына 481 өтінім беріліп, 86 жоба жартылай финалға жолдама алды. Шараға 101 студент қатысып, оның екеуі финалдық кезеңге жолдама алды.
Өткен жылы орталық «Astana hub» халықаралық технопаркімен меморандумға қол қойды. Сондай-ақ, G-Global ұйымымен 40 студентке «Тұрақты дамудың 17 бағыты» аясында онлайн оқу жүргізілді. Бүгінде BTS-Education-мен электрондық коммерция бағытындағы оқу платформасы дайындалуда, алдағы уақытта жас кәсіпкерлер өз білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алады.
Еске сала кетейік, өткен жылы студенттік және басқа да бизнес жобаларына тартылған инвестиция көлемі ретінде 22 500 000 теңгені құрады.

Қазіргі таңда «Business-START» жастар кәсіпкерлік орталығында тіркелген резидент саны 33 болса,биыл бұл көрсеткішті 55-ке жеткізу жоспарлануда.