Сағатбек Қуанышбаевты сырбойылықтар жақсы біледі. Оның белсенділігі өз алдына, мұқтаждың жанынан табылатын адамгершілік қасиеті бөлек әңгіме. Еріктілікте қолтаңбасы бар.

«Жастар жылында» жастарға ерекше жағдай жасалды. Қаншама қайтарымсыз грант берілді, жастар кәсіпкерлікте шыңдалып, ойындағысын жүзеге асыруға мүмкіндік алды.

Президент одан кейін «Волонтерлар жылын» жариялап, ерекше пәрмен берді. Еліміздің түкпір-түкпірінде ауқымды істер іске асырылды.Еріктілердің жайы ескерусіз қалмады. Халықтың шынайы алғысына бөленіп, марапат мінберінен табылғандар да бар. Қаншама идея жүзеге асып, жобалар қанат қақты. Соның арасында еріктілік қызметке қатыстысы көп. Сағатбек те волонтерліктің 7 бағыты бойынша әртүрлі әлеуметтік жобаны қорғап, мәселелерді шешуге атсалысқан.

– Биылдан бастап «Облыстық мүгедектер қоғамына» төраға болып келген соң өзім емес, өзім секілді тағдырлас жандарды әлеуметтік жобаны жазып, грант жеңімпазы болуға оқытып, үш жобаны ұсынған болатынбыз. Сол жобаның екеуі сәтті шықты. Біріншісі «Инва СТО» әлеуметтік жобасы. Ол – коляска, ходунок, балдақ секілді көмекші құралдарды жөндеуге арналған жоба. Екінші жоба «Алтын қол» деп аталады. Ол қолөнермен айналысатын жандардың басын қосу және мүмкіндігі шектеулі жандарды ісмерлікке үйрету мақсатында жүзеге асты. Бұл жобаның екі жеңімпазы да мүмкіндігі шектеулі жандар. Біріншісінің авторы – Мұрат Ізбенбетов болса, қолөнерді насихаттауға арналған жобаның жеңімпазы – Мөлдір Маханбетова, – дейді Сағатбек.

Просмотреть запись

Айта кетейік, «Birgemiz: Qamqor» жалпыұлттық жобасы шеңберінде әлеуметтік қорғау саласындағы нақты міндеттерді шешуде волонтерлік бастамаларды қолдауға, сондай-ақ қарттар үйіне, халықты әлеуметтік қорғау жүйесіне әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына волонтерлерді тартуға бағытталған шағын гранттар байқауы волонтерлық топтарға, ұйымдарға, үкіметтік емес ұйымдарға беріледі. Бұл – мүмкіндігі шектеулі жандарға қолғабыс. Адамға риясыз қызмет ету арқылы өзін де, өзгені де бақытты еткен  кейіпкерлер – қоғамдағы мейірімділіктің көрінісі. Олар іспеттес жандар өмірдің мәнін көпшілікке ұғындыратыны қуантады.

Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!