Мәдениет пен өнерге ұмтылған буын өткен мен болашақты бағамдай алар қабілетке ие. Әсіресе, жастардың өміршең өнерге құштарлығы, риясыз адалдығы қоғам санасын өзгертіп, жаңа өмір-салтын қалыптастыруға итермелейді. Өткен аптада тұсауы кесілген «Ассорти» студенттер театрының алға қойған мақсаты да осы ұстаныммен мүдделес екені байқалады. Сыр өңіріндегі өнерлі толқын салаға жаңалық әкелумен шектелмей, жастардың санасына сілкініс жасауды бағдар еткен.

Жаңа театрдың өзгешелігі сол, мұнда тек шығармашылық қабілеті жоғары студент жастар шоғырланыпты. М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің шәкірттерінен құралған ұжымда бет әрлеуші, режиссер, әртіс, дыбыс қоюшы – бәрі студенттер. Бүтін театрға артылар жүкті жалынды жастар бірлесе еңсеріп, бар құлшынысын аямауда. Әрқайсысы таным-түсінігі жоғары, өнерді жан-тәнімен терең түсінуге қауқарлы дарындар. Содан болар, «Ассорти» театрының алғашқы тұсаукесер шарасы – «Ызғар» қойылымы көрерменнің оң бағасын алып, кәсіби мамандар тарапынан қолдауға ие болды. Талантты жастардың тырнақалды туынды есебінде «Ызғар» трагедиясын таңдауы өзіндік талғам мен ұстанымға құрылған екен.

Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы:

– «Ассорти» театрын құру колледж жастарының ортақ идеясы аясында жүзеге асты. Басты мақсат та айқын. Құрамында студенттер ғана өнер көрсететін театр ашу. Жауапкершілігі ауыр мұндай бастаманың оңайға түспесі күні бұрын сезілді. Сондықтан шәкірттер күн-түн демей дайындалып, керекті қабілет-дағыны игеруге күш салған. Әлемді әбігерге салған коронавирус салдарынан алғашқы қойылым мерзімі бірнеше мәрте кейінге шегерілгенмен, жастардың жігері мұқалмай, соңғы нәтиженің жемісті боларына үміт артты. Осылайша қараша айында театр құрылып, студенттер Қызылорда облыстық филармониясының концерт залында «Ызғар» трагедиясын сахналады.

«Ызғар» – жастық жалынның нышанына айналған желтоқсан оқиғасының желісінде жазылған қойылым. 1986-шы жылдан бастап, Тәуелсіз Қазақстанға дейінгі аралықтан сыр шертеді. Колледж шәкірттері көркемдік құрылымы, сахналық суреттеу шешімі, безендіру жұмысына белсене атсалысып, қойылымның сапалы шығуына жәрдемдесті. Бірі музыкалық әрлеуге қолдау білдірсе, бір студент би қимылдарын ойластырды. Тіпті жарық қоюшыға дейін колледж жастары болды. Осыдан-ақ жастардың басын қосатын, бірлікті дәріптейтін өнердің рөлін анық аңғару қиын емес.

Бекзат ЕШМҰРАТОВ, театр жетекшісі:

– «Ызғар» трагедиясын алғашқы қойылым ретінде таңдау сәтті шешім болды деп санаймын. Себебі тәуелсіздік үшін жан қиған Желтоқсан оқиғасының құрбандары, сол кездегі жастардың психологиялық көңіл-күйі, әлеуметтік-саяси қысым салдарынан еріксіз жасаған амалдары туралы қаншама шындық жабулы күйде. Бұл сол кезеңдегі қатыгез жүйенің нұсқауын ғана емес, адамдардың бір-біріне жасаған мейірімін де көрсету керек деген сөз. Театр ұжымы «Ызғар» трагедиясы арқылы жастардың қоғамдағы рөлі мен болмысы өзгермейтінін, студенттердің қозғаушы күш екенін көрсетуге талпынды.

Бекасыл СЕРІК, театр режиссері:

– Қойылым ерке қыз бен апасының әңгімесінен бастау алады. Желтоқсаншы апасы қызының үй тапсырмасына жәрдемдесіп отырып, қиын қыстау сәттегі жастардың жігерін сөз етеді. Артынша ғайыптан 35 жылға артқа шегінген қойылым кейіпкерлер арасындағы студенттік шақтағы кіршіксіз сезімді суреттеледі. Ізінше ел ішіндегі ауыс-түйіске деген жастардың қарсылығы, наразыларды тепкіге салған тәртіп сақшысы, қызметі үшін биліктің нұсқауын орындаған декан, жастық жігермен тайсалмаған жастар бейнесі әлсін-әлсін көрініс береді. Осылайша алаңға шыққан кейіпкерлердің махаббаты трагедиямен аяқталады. Алайда, үйірілген бұлт артынан күн шығатыны секілді, қыршын жастардың ерлігін егемен елдің қазіргі ұрпағы ұлықтайды. Мұндай оқиға желсі ерлік пен өрлік табы бүгінгі буынның бойында бар деген ұғым еді.

Айжан Қасымханова, қойылым хореографы:

– Театр ұжымына қойылымның негізігі идеясы мен мәні ұнады. Барлығы өз ойын ортаға салып, оқиға желісін, құрылымын дамыту тұрғысында қолдау білдіруге тырысты. Мен де өз тарапымнан қойылымның би элементтерін әзірлеуге, бейнені ашатын қимылдарды дөп табуды мақсат тұттым. Сол заманның келбетін тани келе зұлымдық пен мейірімді бейнелейтін сюжетті бимен көрсетуді қолға алдым. Осылайша ақ пен қара кейіптегі рухтардың би тартысы дүниеге келді. Айта кетерлігі, би бөлігіне саладағы заманауи қимылдар таңдалып, барынша көңіл-күйді дәл беретін бағыттарды араластыруға күш салдық. Желтоқсан ызғары бейнелейтін әуен де ойымыздағы нәтижеге қол жеткізуге көмек берген секілді.

P.S. «Ассорти» студенттер театрының тарихи жолы енді басталды. Қазірдің өзінде жастардың өнерге көзқарасы мен құлшынысынан әлі талай қойылымның жоғары дәрежеде өтетіні байқалуда. Сыр бойы студенттерінің жаңа театрына сәттілік тілейміз!

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!