Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылында орын алған қасіретті өрттен қаза тапқан 12 адамның жаназасы өтті, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Жаназа барысында бірнеше жүк көлігінің бірінен соң бірі шығып бара жатқаны түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. 

Ал марқұмдарды жерлеу рәсіміне ауыл тұрғындары көптеп жиналған.

Алғашқы болжам бойынша, өртке үйдегі электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болуы мүмкін. Қайғылы оқиғаға байланысты пікір білдірген көрші Қайырберген Болжымбетов жарылыс дыбысының естілмегенін айтты.

“Маған электр сымдары тұйықталып, тоқтан шыққан болуы мүмкін деді. 12 адамның қаза тапқанын, тағы үшеуінің ауруханада жатқанын естідім”, – дейді ол.

Көршілердің айтуынша, екі қабатты үй отқа оранып, толықтай жанып кеткен. Отбасы бұл үйге үш жыл бұрын көшіп келген. Әкелері қайтыс болған соң, үлкен ұл – 1994 жылы туған Даурен өз жанұясымен осы үйде тұрған. Оның төрт баласы болған. Оқиға түнінде отбасының бір бөлігі тойдан кейін үйлеріне кеткен, ал екінші бауырдың отбасы сол түні осы үйде түнеп қалған.

Тергеу барысында ерекше назар аударылып отырған жайт – үйдің барлық терезелерінің темір тормен жабылуы. Бұл фактор адамдардың өрт кезінде сыртқа шығуына кедергі болған-болмағанын мамандар анықтайтын болады. Көршілердің сөзіне сүйенсек, шамамен таңғы 5-терде көмек сұраған айқай естілген.

“Үйге барғанымызда лап еткен отты көрдік. Әйел адам айқайлаған сияқты, бірақ түтіннен уланып қалған болуы мүмкін…” – дейді көзкөргендер.

Қайғылы жағдай орнына Үкіметтік комиссияны бастап барған вице-премьер Қанат Бозымбаев тиісті органдарға өрттің нақты себебін анықтауды тапсырды.

Ауруханаға түскен үш адамның жағдайы ауыр. 1986 жылы туған ер адамның денесінің 12 пайызы күйген, ӨЖЖ аппаратына қосылған. 1991 және 2018 жылы туған екі зардап шегуші де жансақтау бөлімінде жатыр. Оларға көмек көрсету үшін Шымкенттен санитарлық авиация жіберілді.

Вице-премьер әкімдік пен Еңбек министрлігіне қаза тапқандардың отбасыларына толық көлемде материалдық көмек көрсетуді тапсырды. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігіне зардап шеккендердің жағдайын бақылауда ұстап, қажет болған жағдайда Астанаға санитарлық авиациямен жеткізуді ұйымдастыру жүктелді. Ішкі істер министрлігіне тергеуді ерекше бақылауға алу тапсырылды.

Төтенше жағдайлар министрлігі өңір әкімдіктерімен бірге тұрғын үйлерде, әсіресе әлеуметтік осал топтар тұратын баспаналарда, жатақханалар мен хостелдерде өрт қауіпсіздігі бойынша рейдтер жүргізуді бастайды. Пештер мен электр жүйелеріндегі ақаулар анықталса, бірден жойылуға тиіс.

Қайғылы жағдай бүкіл елді төпеген қаралы хабарға айналды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!