«Ер қанаты – ат» деп білген қазақтың қанына мен жанына көліктің қай түрі де жат емес. Аттың күшін автокөліктерге ауыстырған технологияның жетістіктері нарықты жаулап қоймай, өзіміздегі өндіріске де себеп бола бастады. Бұған жыл сайын саны артып жатқан көлік сатып алушылар дәлел.

Көлікқұмар қауымның сүйікті автопорталы «Колеса.кз» сайтының тілшісі, алғашқы қазақтілді автожурналист, автоблогингтің атасы Олжас Оқаспен көлік жүргізу мәдениеті, шетелдік көліктерді заңдастыру және өзіміздің өнім жайында тілдескен едік.

Жақында сайланған экология министрі елде ескі көліктердің көп екенін атап өтті. Әрине, экологиялық тұрғыдан олар зиянды. Тіптен 20 жылдан бері қолданыста жүрген көліктер жетеді. Қазақтардың көбі қанша теңге көлеміндегі көліктерді мініп жүр? Жаңа Қазақстанның көліктері қаншалықты жаңарған?
– Көлігі бар адам қандай машинамен жүргенін үйде отырғанда терезеге қарап біле алады. «Қалтаға қарап көсіл» демекші, әркім ақшасы жеткен автомобильге мінеді. Бағасы да әртүрлі: 500 мың тұратын ресейлік тіркеудегі ЛАДАдан G63 AMG-ге дейін.
Халықтың басым бөлігінде сапалы, қымбат машинаға ақша жоқ. Дегенмен, ресми статистика бойынша 2022 жылы Қазақстанға шетелден 63 000 автомобиль кірген. Оған дейінгі көрсеткіш 10 мыңнан аспайтын. Былтыр Қазақстанда сатылған жаңа автомобиль саны 120 мыңнан асты. Бұл 2021 жылғы сатылымнан 10%-ға көп. Ал биыл әдеттегідей арзан седандар, компакт-кроссоверлер сұраныста болады деп ойлаймын.
– Жеке контентіңізден бөлек «Колеса.кз» тізгіні де сізде. Колесаның жылдық табысы қандай?
– Шынымды айтсам, «Колесаның» жылдық табысын білмейді екенмін. Оны өзіңіз есептей аласыз. Өйткені ашық дерек базасында мемлекетке төлеген жылдық салығы 3 млрд 500 млн теңге деп көрсетілген. Компания таза, әділ жұмыс істейді.
– Қытай­дың көліктерін менсінбейміз. Өзіміздегі көлік өндірісін қалай бағалаймыз?
– Кезінде кәріс көлігін де менсінбегенбіз. Ал қазір Sonata, К5, Tucson мен Sportage екінің біріне қол жетпейтін арман көрінеді. Қытайлармен де солай болады. Себебі әлемдік нарықта ханзулар ойып тұрып орын алуда. Қазір олардың өнімдері сапалы, жоғары технологиялы. Қазақ автопромы енді ғана «тәй-тәй» басып келеді. Бастапқыда SKD технологиясымен ғана жұмыс істеген зауыттар CKD-ге көшіп, майда торапты құрастыру әдісін меңгеріп жатыр. Модель саны да артуда. Мұның еш жамандығы жоқ. Өндіріс болса, зауыттағы жұмыс тоқтамайды, қызметкерлердің жалақысы төленеді, бюджетке салық түседі. Қазіргі таңда автомобильдер әлемнің түпкір-түпкірінде жасалатын компоненттерден құралады. Сондықтан «100% Қазақстанда жасалған көлік» болуы мүмкін емес. Бұл – жаңсақ ұғым.
Шетелдік көліктерді заңдастыру қолға алынды. Бұл біздегі көлік нарығына қалай әсер етеді?
– Шетелдік көліктерді заңдастыру акциясы сол заңдастырылған көліктердің бағасына ғана әсер етеді. Жалпы көлемде олардың саны көп емес. Сондықтан тұтастай автонарыққа әсері бола қоймас.
Біздің қоғамда көлік жүргізу мәдениеті қалыптасты ма?
– Жалпы елде көлік жүргізу мәдениеті төмен. Қалай болса, солай айдайтындар көп. Жүргізуші куәлігін сатып алғанын жасырмайтындар да жетеді. Тіптен, сонымен мақтанады. Бұл мақтануға тұрарлық дүние ме? Жолға шығып, көліктің тізгінін ұстау – үлкен жауапкершілік. Тек өзің үшін емес, жаныңдағы адамдар мен басқа да көлік жүргізушілер үшін жауапкершілік алуың керек.
Сондықтан жүргізуші мәдениетін жоғарылату қажет. Жалпы мұны мектеп бағдарламасына енгізсе немесе 10-11 сынып оқушыларына кішігірім кіріспесін үйретсе, жақсы болар еді. Жай ғана қосымша сабақ ретінде көлік жүргізу мәдениетін қалыптастырып, санасына сіңірсе, көп жағдайдың алдын алуға болады. Ең болмағанда жауапкершілікті сезініп үйренеді.
Шетелдерде көлік кептелісіне қарамастан, сигнал басатындар аз. Жылына 1-2 рет қана естуіміз мүмкін. Ал бізде жасыл жанған секундта сигнал басуға дайын тұрады. Шыдамсыздықтан ба, әлде, шынымен бір жаққа асығып бара ма, белгісіз. Сонда да бұл – мәдениетсіздік.
– Сұхбат үшін рақмет!

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!