Бала тәрбиесі – аса күрделі, әрі ұзақ процесс. Олардың мінез-құлықтары мен жеке қасиеттерінің қалыптасуына отбасы мен жақындары, бөбекжай-бақшасы мен мектеп, қоршаған орта мен көше әсер етеді. Соңғы он-он бес жылда оған теледидардың да әсері де қосылып отыр. Балалардың кітап оқуға деген құмарлықтары жыл өткен сайын төмендеп келеді. Соның салдарынан телефильмдердің көптеген кейіпкерлері олар еліктейтін, ең беделді тұлғаларға айналды. Сонымен, отбасы мүшесіне айналған теледидар, балалардың тәрбиешілеріне айналды.

         Қазір бала ұялы телефон мен теледидар қарайтын болды. «Құлағымыз тыныш болсын» деп «көк сандықтың» алдына отырғызып кететініміз де жасырын емес. Бірақ мұның бәрі де зиян екендігін біле тұра біз жанның тыныштығын ойлаймыз.

         Үйімізде күндіз-түні қосылып тұратын теледидар тек электр қуатын жұмсап қана қоймай, сонымен қатар балалардың дамуына кері әсерін тигізетін көрінеді.

         Сонымен қатар, үйде жалғыз қалу! Бұл Жаңа жылда көрсетілетін көңілді фильмнің  аты емес, бұл-біздің балаларымыздың күнделікті өмірі. Ата-аналары жұмыста, ал балалар, «әй дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ», өздерімен өздері, нақтырақ айтсақ, өздерімен өздері емес, олар-біз үйімізге кіргізіп алған бұқаралық ақпарат құралдарының қолында және әрине қазіргі заманғы телевизия «бала күтуші» рөлін оп-оңай атқарады.

         «Теледидар-күтуші» баланы экранға жіпсіз-ақ байлайды, бұл жерде былай қарасаңыз, қорқатын ештеңе жоқ сияқты, әр ата-ананың арманы осы емес пе-бала үйде, іші пыспайды, қауіпті ештеңемен айналысып жатқан жоқ-алаңсыз жұмысқа кете беруге болады.

         Әрине, теледидардың өзі ештеңе емес екені анық. Тек онда болып жатқан бағдарламалар мен фильмдер маңызды. Бүгінде әлемнің қайда бара жатқанын аядай теледидардан үйде отырып-ақ болжай алатын дәрежеге жеттік. Біздің ертеңіміз бен болашағымыз саналған жас ұрпақты да осы қара жәшіктің тәрбиелеп жатқаны тағы рас. Әлемдік саясат пен әлеуметтік мәселелер, мәдениет пен өнер, спорт пен жарыстар барлығы дерлік осы қара жәшіктің ішінде жүріп жатқандай күй кешетініміз анық.

         Теледидардың пайдалы не зиянды екенін одан шығатын зиянды энергиялар мен сәйлелерден іздегеніміз дұрыс-ақ. Бірақ оның басты пайдасы мен зияны онда көрсетіліп жатқан телеөнімдермен тікелей байланысты.

         Жаһандану үдерісі белең алған шақта Батыстан келіп жатқан анимациялық фильмдер жас ұрпағымыздың санасын улауда. Қайсыбір шетелдік  мультфильмді қарасаңыз да балаларды қызықтыру үшін барлық жағдайды ойластырған. Тіпті балалар түгілі ересектердің өзін еріксіз баурап алады.

         Осыдан барып сана-сезімі, өзіндік ұстанымы әлі қалыптасып үлгермеген балалардың мінез-құлқында өзгерістер пайда болады. Күндіз-түні жағымсыз әсердегі фильмдер мен ағыл-тегіл төгілген қанды көріп, содан тәрбие алып өскен ұрпақ не болмақ?» , деген сөздерге біздің де алып қосарымыз жоқ. Тек келісеміз.

         Баланы тек мульфильм ғана қызықтырмайды. Кейде атыс-шабыс кинолар мен балаларға арналмаған бағдарламаларды көргісі келетіні жасырын емес. Ал оның зиянын айтып жатпасақта, нәтижесін барлығымыз сезіп отырмыз.

Бүгінде қазақ телевизиясы негізінен у мен шудың, хайп пен шоудың ордасына айналды. Экран бетін бір өзі бар «мамандықты» меңгеріп, «ғұлама» болғысы келіп жүрген әрі өздерін «жұлдыз» атандырған шоумендер жаулап алғаны өтірік емес. Әрине, нағыз өнерпаздар жоқ емес. Бірақ танымал болып жүргендердің дені  өнердің иісі мұрнына бармайтын, тек фонограмманы серік еткен пысықайлар екеніне дау жоқ. Осыларды үлгі тұтқан бүлдіршіндер  де ғылым қуып, білім іздегеннен гөрі, айғай аттан салып, елге танылып, «жұлдыз» болуды көксеп жатса таң қалдудың реті жоқ. Өйткені, қара жәшіктің тәрбиесі солай. Тіптен ел алдында боқтасу, жұлысу, шешіну танымал болудың төте жолы болып қалғандай. 

         Бірақ, баланың сыртынан есікті құлыптауға, яғни оны теледидармен оңаша қалдыруға асықпайық.   

         Балалардың сөйлеу қабілеті ата-аналарымен қарым-қатынас жасаған кезде жақсы дамиды. Ата-аналары ақылын айтады, бала тыңдайды. Ал үйде көбіне теледидар сөйлеп тұрса, ата-ана мен баланың арасы салқындауға әкеліп соғады.

         Тіпті атыс-шабыс пен зорлық-зомбылыққа толы эффектілі фидьмдер әсерін балалар виртуалды өмірден шыға алмай түрлі қылмыстарға бой беріп, кәмелет жасқа жетпей сот табалдырығын кісендеулі күйі аттайтыны тағы бар. 

         Сондықтан қазіргі уақытта кез-келген нәрсеге, әсіресе, балаға бақылау болмаса қиын. Расында баланың құмарлығы қазір теледидарға артқан. Ал смартфон туралы әңгіме бөлек. Сондықтан енді тәй-тәй басқан балаға  алдымен тәрбие керек.

         Әрине, бүгінгі көкейтесті мәселеге «Балапан» телеарнасының еш қатысы жоқ. Біздің айтарымыз, «Балапанның» тәрбиесі бөлек. Олар қаракөздер үшін ұлағатты іс тындырып жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ «Балапаннан» да  басқа телеарналар бар ғой. Әңгіме осы тұрғыда және ұлтымыздың болашағы балаларға бүгіннен дұрыс қарасақ деген ой…

         Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, кімге де болмасын жалқаулықтан арылып, терең ізденуге, тың жаңалық ашуға талпынып, бала тәрбиесіне ас мән беру керек. Қазақ кино өнерінде бұрын соңды түсірілмеген немесе аз түсірілетін спорт, білім-ғылым, медицина, ғарыш, аспан әлемі турасындағы ерекше тақырыптарда фильмдер түсірілуі керек. Мұны іске асыратын жас киногерлердің қабілетін шыңдап, ынтасын арттыру үшін отандық, әлемдік деңгейдегі фестивальдер мен байқауларды көптеп ұйымдастыру керек.

         Бұл-киноматографистердің шығармашылық жолда өсу деңгейін көтеріп қана қоймай, сапалы киношығармалардың көбеюіне әрекет ететіні рас. Бүгінгі күннің айнасын ертеңгі ұрпаққа көрсетуде құнды болып саналатын  кинотуындылар көптеп түсіріле берсе деген игі тілек. Жас ұрпақ тәрбиесіндегі бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы зор екендігін ұмытпайық.

М.Дәріқұлов,

Қызылорда қаласының

мамандандырылған

тергеу сотының

жетекші маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!