Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Сенаттағы парламенттік тыңдаудан кейін журналистерге берген жауабында зейнет жасын төмендету мәселесін талқылаудың алғашқы нәтижелерін түсіндірді, – деп жазады halyq-uni.kz

Айта кетсек, бұған дейін министр бір топ белсенді әйелдермен кездесіп, зейнет жасын төмендету мәселесін талқылаған болатын. Сол кездесуде белсенділер де, министрлік те өз ұсынысын жасаған.

«Оларға біздің ұсыныстарымыз ұнады. Қазір жұмыс тобы аясында жұмысты жалғастырып, есеп-қисапты жасап жатырмыз. Кез келген әлеуметтік қолдауға ақша керек қой. Оны бәріміз жақсы білеміз. Қазір таймаут алып, бәрін есептеп шығуға келістік. Сол кезде нақты қай ұсыныстың тиімді болатынын білеміз. Сосын нақты бір шешімге келгеннен кейін сол әйелдермен бірге шығып, барлық ақпаратты береміз», – деді Дүйсенова.

Осы орайда тілшілер басқа тағы қандай санаттарға зейнетке ерте шығуға мүмкіндік берілетінін сұрады. Министрдің айтуынша, қазақстандықтар 50 жастан бастап зейнетақы аннуитетін рәсімдей алады. Бірақ шотта қажетті жинақтың сомасы болуы керек. Алдағы уақытта осы нормаға өзгеріс енгізілуі мүмкін.

«Қолданыстағы заңнамада 50 жастан бастап зейнетке шығуға мүмкіндік беріледі. Алайда зейнетақы жинақтарына қатысты мәселе бар. Қазір біз соны қарастырып жатырмыз», – деді Тамара Дүйсенова.

Бұл ретте әйелдер өздерінің зейнетке шығу жасын 55-ке немесе 58-ге дейін төмендетуді сұрап жатқаны мәлім. Одан бөлек, зиянды және ауыр өндірісте істейтін жұмысшылар да өздерінің зейнет жасын төмендетуді талап еткен.