Оның айтуынша, трассада көлікті 20 км/сағат жылдамдықтан асырып айдау мүмкін емес.

2022 жылы жаздың үш айында 1,5 миллион турист, ал 2021 жылдың сәйкес кезеңінде 1,3 миллион тұрғынның таңдауы Алакөлге түскен. Биыл бұл көрсеткіш тағы артады деген болжам бар. Өйткені, Үржарға бағытталған ұшақ билеттері алдын ала сатылып, жергілікті қонақ үйлер мен туристік кешендерде бос орын болмай тұр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Алакөлге барып, демалуды таңдағандар қатарында ҚР Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев та бар. Отбасымен емдік қасиеті бар көлге барып, демалып келген халық қалаулысы отандық туризмнің інжу-маржаны Алакөл аймағындағы жазғы каникулы туралы айтып берді.

«Мен өзім шығыстың баласымын, туған жерім – Семей қаласы, Алакөл бізге жақын. Жалпы, бұл – ата-анамызбен, қазір бала-шағамызбен демалатын мекен. Алакөлден бөлек, шетелде де демалып жүрміз, оны жасыратын ешнәрсесі жоқ. Салыстырмалы түрде қарасақ, әрине, отандық туризмнің кемшін тұстары бар, тіпті, орасан», – дейді депутат.

Баға мәселесі, қызмет көрсету сапасы, инфрақұрылым. Дәулет мырза аталған үш бағыт бойынша да отандық туризм әлдеқайда артта қалды, дейді.
«Мысалы, Алакөлге баратын жол нашар. Пойыздың өзі Астанадан 18 сағат жүріп барады. Кейбір вагондарда кондиционер жоқ. Тальго пойыздарда ол бар, ал енді жай пойыздарда ешқандай жағдай жасалмаған. Демалуға бара жатқан адамды одан сайын шаршатып жібереді немесе демалған адамды қайтқан жолда шаршатады.
Осы жолы біз көлікпен қайттық. Таксидің дөңгелегі жарылды, мысалы. Көлікті жөндеп, жолда бір сағат тұрып қалдық. Парламентте алтыншы, жетінші, сегізінші шақырылымда да бұл мәселені көтердік. Біздің Комитетке (Әлеуметтік-мәдени даму комитеті – авт.) Мәдениет және спорт министрлігі қарайды. Отырыстарда да талай рет көтердік. Айналып келгенде, «баяғы жартас, сол жартас», – дейді ол.
60 жылдардың ұшағы, шұрық-тесік жол: депутат Дәулет Мұқаев Алакөлдегі демалысы туралы
Қазір Алакөл көліне үш жолмен жетуге болады: ұшақпен, пойызбен және көлікпен.
«Мен оқушы кезде барғанда, байқайтыным, Алакөлге көбіне туристер Ресейден келетін. Соңғы жылдары өзіміздің қазақтардың көп келетіні қуантады. Яғни, сұраныс артты. Бұл жердің суы да, ауасы да, балшығы да пайдалы. Балшық буын мен тері ауруларына, радикулит пен дене жарақатын жазуға ем. Саздың құрамында кремний көп, иммунитетті жақсартады. Көлдің (Абай облысы, Жарбұлақ ауданы) суы тұзды. Құрамында хлор мен натрий тұздары, хлорлы натрий сульфаты, фтор мен бром көп», – дейді Дәулет мырза.
Бұл ретте, айта кетерлігі, Алакөл көлі – Қазақстанның ішкі су айдындары арасында екінші орында және еліміздің ағынсыз көлдері арасында жалғыз терең су. Оның тереңдігі – 54 метр. Жазда судың температурасы 24-26 градусқа жетеді. Алакөл өзінің емдік қасиеттерімен және қолайлы энергиясымен танымал. Туристер судың мөлдірлігін ерекше тамсанып, айтады.

«Мұнда балшықтың екі түрі бар. Мен TikTok, Instagram желісіндегі парақшама қара балшық туралы ақпарат салдым. Одан бөлек, көлдің ішінде ақ балшық бар. Оны бетке жағады деп айтып жатады. Ал қара балшықтың буын ауруларына оң әсері бар. Ғылыми тұрғыдан қарастырсақ, бұл балшықтың құрамынан радон анықталған. Оның ағзаға пайдасы орасан.
Сондықтан, Алакөлдің туристерді қабылдауға потенциалы өте жоғары. Бірақ, жолды жөндеу керек. Ескірген пойыздардан бөлек, ұшақ мәселесі бар. Семейден Үржарға ұшатын АН 24 ұшағы 1962 жылдан бері қолданыста. Яғни, ескі. Ұшақты жаңартса, сонымен қатар халықаралық рейстерді көбейтсе, Ресейден ғана емес, басқа да елдерден туристер келер еді. Өкінішке қарай, осындай мәселелер бар», – деп, жылдар бойы жиналған мәселелердің еш шешімі табылмағанын депутат тағы бір еске салды.
Алматыдан Ақши курорттық кентіне дейінгі трасса жөндеуден өткені белгілі. Орташа 100 км/сағ жылдамдықпен жүруге болады. Алайда, жүргізушілер жаңа трассада жол бойында бірде-бір қызмет жоқ екенін айтады. Тіскебасар алу немесе жанармай құю үшін елді мекендерге соғу керек, әдетте, олар бірнеше шақырымнан кейін ғана көрініп отырады.
60 жылдардың ұшағы, шұрық-тесік жол: депутат Дәулет Мұқаев Алакөлдегі демалысы туралы
Ал, шығыс аймақтан «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» республикалық маңызы бар автожолы арқылы жетуге болады. Биыл бұл автожолды қайта жаңарту жалғасуда. Бұдан басқа, облыстық бюджет қаражатынан ұзындығы 3,4 км көл жағалауындағы жолдарды жөндеу үшін 149 млн теңге бөлу қарастырылған. Абай облысының Үржар ауданындағы Алакөл жағалауында демалу үшін орташа тәуліктік чек 13-14 мың теңгені құрайды. Жалпы, Алакөлдегі ең кішкентай қонақ үй бір уақытта 35 демалушыны қабылдай алады, ал ең үлкені – 500 адамға дейін. Демек, қызмет көрсету сапасы да жол мәселесімен күн тәртібінде қатар тұр.
«Жол мәселесін Нұртай Сабильянов депутаттық сауал ретінде сегізінші шақырылымда көтерген. Олардың жауаптары да бар, биыл жыл соңына дейін бітіреміз деген. Бірақ, жолға қарасаңыз, биыл бітпейтін сияқты. Жеке тәжірибем», – дейді Дәулет Мұқаев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!