Әділетті қоғамды қалыптастыру, азаматтардың қауіпсіздігін қамта­масыз ету жолында құқық қорғау саласының алар орны ерекше. Жауапкершілік жүгін арқалаған сала қызметкері қауіп-қатер ортасында жүріп, ел тыныштығын сақтауға барын салуда. Оған қоса қауіп төнсе, қатердің бетін қайтарып, әділдік орнату мүмкіндігі де сала мамандарының еншісінде. Сондықтан саладағы әр маманның білік-білімі қауіпсіз қоғамның кепілі болып қала бермек.

Осыған орай Қазақстан полициясы күні қарсаңында мамандандырылған күзет қызметінің өкілі, полиция аға сержанты Рамазан Мұ­хамбетпен сұхбаттасудың сәті түсті. Құқық қорғау саласының жас маманы жауапкершілік, артылған міндет турасында аз-кем ой бөлісті.

– Рамазан Мұхамбетұлы, кәсіби мерекеңізбен құттықтаймын! Аталған салаға келу жолы әркімде әрқилы. Бірі ата-ана ықпалымен таңдау жасаса, енді бірі арман жете­гімен келеді. Сізге құқық қорғау сала­сын таң­дауға не себеп болды?

– Мен үшін құқық қорғау саласы қызмет ғана емес, ол – жауапк­ершілік, мақсат, болашақ. Себебі қылмыскер­лермен күресу, азаматтарды қорғау, заң үстемдігін әйгілеу бала арманым болатын.

– Қазір мамандандырылған күзет қызметінде еңбек етесіз. Көпшілік бұл бағыттың мән-маңызын, құрылымын түсіне бермейтіні жасырын емес. Мамандандырылған күзет қызметі нысандарды қорғаумен шектеле ме, әлде өзге де міндет бар ма? Бұл салада қандай қарым-қабілет қажет?

– ІІО түрлі бағытқа бөлінетінін білеміз. Қай бағыт болмасын қырағылық пен кәсібилікті талап етеді. Оның ішінде өзім қызмет ететін мамандандырылған күзет басқармасында жауапкершік еселене түседі десем артық емес. Себебі маңызды нысандарды күзету жай бақылаумен шектелмейді. Адамдардың қауіпсіздігін сақтау, заң бұзушылықтың болмауын қадағалау, қажет кезінде көмек беру де біздің міндетке кіреді.

Полиция қызметкеріне тән басты ерекшелік – біліктілік. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті басты қасиет қатарында. Оған қоса сабыр, төзім полицей бойынан табылса, маманның жетілгені деп білемін. Себебі қаруым – қажыр-қайрат. Осы орайда маған саладағы аға буын қызметкерлерінің тәлім-тәрбиесі, тәжірибесі көп көмегін тигізуде.

– Жұмыс барысы қалай өтеді?

– Жұмыс кестесі бекітілген тәртіп шеңберінде сақталады. Қыз­мет орнына белгілен­ген уақытта келу, қару-жарақ бөлмесінен өзіме бекітіл­ген қаруды алу, саптық алаңға тұру, басшылық нұсқауын орындау. Міне, жалпы жүйе осы. Кейін маңызды нысандар, стратегиялық және экономикалық маңызы бар объек­тілердің қауіпсіздігін сақтау үшін қызметке кірісеміз.

– Құқық қорғау қызметкерлері мен халық арасындағы сенім, өзара байланысты нығайту үшін қандай қадам жасау қажет деген ойлайсыз?

– Бүгінде полиция қызметкерлерінің мінездемесі, кәсіби біліктілігі ғана емес, сыртқы имиджі де назарда. Қызылорда облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасында полиция қызметкерінің жағымды имиджін қалыптастыру тұрғысында тыңғылықты жұмыс атқарылуда. Бұған қоса кезекті өтетін аттестация тағы бар. Бұл сынақтан сүрінбей өткендер ғана халыққа қызмет етеді деген сөз. Осындай жіті бақылау, сүзгіден өткізу, тұрақты өзгеріс халықтың құқық қорғау саласы қызметкерлеріне деген сенімін арттыра түсетіні анық.

Жасыратыны жоқ, кей адамда сала мамандарының қабілеті, қызметтік сапа деңгейі туралы қате көзқарас бар. Ол жаңсақ түсінік пен ескі ұстанымнан қалған болса керек. Бізге осы көзқарастан арылатын кез келді. Себебі бүгінгі полицейдің болмысы заман талабына толық жауап береді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Берен ШАҒЫРОВ