Тәуелсіздік – бостандық пен болашақтың бастауы болған ұлы мереке. Бақытты, бейбіт өмір сүруіміздің кепілі, еліміздің  баға жетпес байлығы.

Елдігімізді дәріптеген 30 жыл ішінде кездескен әр сынақ жігерімізді жанып, ортақ мақсатқа жұмылуға себепші болды. Еліміздің даму тенденциясы мен өркениет көшіне ілесуде сан ғасырлық тарихымыздың тереңдей түскенін аңғарамыз. Тәу еткен тәуелсіздігімізді тұғырлы етуде негізгі фактор саналатын бірлік пен ынтымақ ұғымын шет қалдыруға болмас. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында «Арғыда сақ, ғұн бабаларымыз, беріде қаһарман түрік аталарымыз аласапыран замандардағы алақұйын дауылдарға төтеп беріп, Ұлы далада ұлық ұлыс құрды.Талай жұрт алапат соғыс пен арпалысқан айқастарда үдере көшіп, бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайылып кеткен замандарда қазақтар ата қонысын, қара шаңырағын сақтап қалды. Дана бабаларымыз өзін ғана емес, адал ғұрпын, дархан көңілін, таза тілін, әсем әні мен қоңыр күйін, мәйекті мәдениеті мен бай әдебиетін ұрпағына аманаттай білді. Тамырын да, тарихын да, күш-қуатын да Ұлы даладан алатын, көптеген этнос өкілдері татулық пен келісімде, береке-бірлікте бірге өмір сүріп жатқан дәл осындай елдің ұлы мен қызы болу – әр қазақстандықтың маңдайына жазылған шексіз бақыт» деуі – сөзімізге дәлел.

Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін еліміздің әділ сот жүйесі тарихының екінші кезеңі жүзеге асырылғанын да айту керек. Оны 1991 жылғы 16 желтоқсандағы «Мемлекеттің тәуелсіздігі туралы» заңымен тікелей байланыстырамыз. ХХI ғасырдағы ұлт дамуының маңызды өлшемі – мінсіз және тиімді ұлттық сот төрелігі жүйесі. Сондықтан еліміздің бүгіні мен ертеңі үшін әділ сот жүйесі қалыптасуының маңызы зор. 30 жылдық белесте жеткен жетістіктеріміз жаңа дәуір бастауы боларына сенім мол. Бейбітшілік пен тұрақтылықты, ынтымақ пен жасампаздықты ұстанған жас мемлекеттің болашағы алда. Халқымыздың тағылымында «Бақыт – бірлікте, байлық – еңбекте» деген тәмсілі бар. Азаттықты аңсап өткен бабалар болашақ ұрпағы үшін қандай тер төккені белгілі. Бүгінгі ізбасарлар сол еңбекті ақтайтындай елімізге қызмет етуіміз керек.

Дина ҚҰРМАНҒАЗЫҚЫЗЫ,

облыстық мамандандырылған

ауданаралық әкімшілік соты кеңсесінің аға сот приставы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!