Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қолданысқа енгізілді. Әкімшілік әділеттің өркендеуіне жол ашатын бұл құжат биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап тәжірибеге қосылды.

Жалпы, бұған дейін қоғамда қылмыстық, азаматтық, әкімшілік құқық -бұзушылық туралы істер қаралатын болса, енді сот ісін жүргізудің жаңа институты пайда болуда.

Қоғамның қызу талқысына салынып, заңгерлердің үлкен елегінен өткен жаңа заңнама мемлекеттік құрылымда, қоғамда бетбұрыс жасайтын тың жаңашылдыққа толы. Кодекс жария-құқықтық дау кезінде мемлекеттік құрылымдар мен қарапайым азаматтардың теңдей мүмкіндікке ие болуын қамтиды. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің мақсаты-мемлекеттік, әкімшілік құрылым мен жеке тұлға арасындағы дауды тиімді шешу. Яғни бұрын мұндай істер (жеке тұлға мен мемлекеттік құрылымның қатысуымен болатын істер) азаматтық соттарда қаралып келгендіктен, мемлекеттік ұйымдардың бәсі басым болатын. Ал жаңа кодекске сәйкес, мемлекеттік құрылым мен квазисектор өкілдері тек жауапкер болып табылады. Сонымен қатар, жаңа заң бойынша судья шешім шығарып қана қоймай, оның орындалуын қадағалайды. Лауазымды тұлға немесе жауап беруші тарап шешімді орындамаған жағдайда олардан 50-ден 100 АЕК мөлшерінде қаржы өндіріледі. Шешім орындалмайынша, судья ол адамды жауапкершіліктен босатпайды.

Әкімшілік процестің азаматтық процестен ең басты айырмашылығы –соттың белсенді рөліне қатысты. Енді судья тараптар ұсынған дәлелдермен шектеліп қалмайды. Өзі байқап, көріп отырған құқықтық салдарды жойып, өз бастамасымен жаңа анықтама, құжат, дәлелдер сұрата алады. Енді кодекске сәйкес дәлелдеу міндеті даулы актіні шығарған немесе қабылдаған мемлекеттік органға жүктеліп отыр.

Сондай-ақ бұл кодекс қолданысқа енгізілгеннен кейін, «Әкімшілік рәсімдер туралы» және «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заңы, Азаматтық іс жүргізу кодексінің 27,28,29-бөлімдері ӘРПК-ға өтіп, күшін жояды. Кодекс тараптардың қоғамдық-құқықтық даулары бойынша қатынастарын және әкімшілік процедураның өзін реттейді. Азаматтар мемлекеттік немесе әкімшілік органмен, басқа да лауазымды тұлғалармен дау туындаған жағдайда әкімшілік соттарға жүгінеді.

Жаңа заңнама мемлекеттік органдарға дәлелдеу міндетін жүктей отырып, соттың процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға, оның ішінде сот белгілеген мерзімді дәлелсіз себептермен бұза отырып дәлелдер ұсынылған, тапсырмалар орындалған жағдайларда, егер бұл әкімшілік істі қараудың созылуына алып келсе, әрбір әрекет  (әрекетсіздік ) үшін ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқығын белгілеген. Кодексте тараптарды ымыраға келтіру шараларын белсенді түрде қолдану да ұсынылған. Тараптар өзара жол беру негізінде әкімшілік процестің барлық сатысында сот шешім шығаруға кеткенге дейін татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу арқылы әкімшілік істі толығымен немесе ішінара аяқтай алады.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында іске асырылып отырған әкімшілік реформа сот жүйесіне ғана емес, азаматтар үшін де тиімді қызмет көрсетеді деп сенеміз.

 Алдамбергенов  Руслан,

Сырдария аудандық сотының

                   төрағасы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!