Әлеуметтік саладағы басты міндеттердің бірі – мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету. Мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қызмет көрсету және қолдау шаралары олардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Мәселен биыл өңірде аталған бағыттағы оңалтудың жеке бағдарламасын орындауға республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 6,6 млрд теңге бөлінген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанар Дәулетбаева баяндады.

− Бүгінге дейін әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 23 925 мүгедектігі бар адамның 81,5 пайызы оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етілді. Облыс көлемінде 2023-2027 жылдарға бекітілген жоспарға сәйкес биыл 374 инфрақұрылым объектілеріне бейімдеу жұмыстары жоспарланған. Нәтижесінде қазір 69 нысанға толық бейімдеу жүргізіліп, республикалық қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілді, − деді Жанар Жұмабекқызы.

Жаңа бастамалар легінде инватакси қызметін көбейту қарастырылған. Облыс көлемінде бұл қызметке 40 автокөлік қосылады. Оның ішінде 11 автокөлік кресло-арбамен жүретін мүгедектігі бар адамдар үшін бейімделген. Қызылорда қаласына 14, Байқоңырға 3, ал аудандарға 23 көлік тиесілі. Бұл қызметті жандандыруға бюджеттен 124,3 млн теңге бөлінген.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының мәліметінше, облыс әкімінің ұсынысына сәйкес осы жылы «халық банк» акционерлік қоғамы тарапынан банктің жүз жылдығына арналған «100 игі іс» науқаны аясында Қызылорда мен Байқоңыр қалаларына мүгедектігі бар адамдарды тасымалдауға әрқайсысының құны 23 млн теңге тұратын арнайы 2 инватакси көлігі сыйға тартылған.

Айта кетейік, өңірде 33 764 мүгедектігі бар адам тіркелген. Нақтырақ айтсақ, I топта 4 166, II топта 10 509, III топта 12 426 адам, ал 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар бала саны 6 663-ке жеткен.

Сондай-ақ спикер биыл алғаш рет облыс бойынша барлық санаттағы мүгедектігі бар адамдар мен балалардың әрқайсысына 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір реттік әлеуметтік көмек беруге облыстық бюджеттен қаржы бөлінгенін жеткізді. Бұл көмек Қазақстан Республикасындағы Ұлттық мереке − 25 қазан Республика күніне орай төленеді.

Әлеуметтік саладағы негізгі мәселе атаулы әлеуметтік көмек туралы баяндасақ. Биыл мемлекеттік көмекке 5,9 млрд теңге қаржы бөлінген. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасындағы бір жастан алты жасты қоса алғанға дейінгі 8 773 балаға 194 млн теңге қосымша төлем төленген. Ал жұмыссыздықпен күрес жұмыстары аясында биыл бос жұмыс орындары жәрмеңкесі 48 мәрте ұйымдастырылған.

− Бос жұмыс орны жәрмеңкелерінде 684 жұмыс берушіден 3 мыңға жуық бос жұмыс орындары ұсынылып, жәрмеңкеге қатысқан 2 мыңнан астам жұмыссыздың ішінен 1 397 адам жұмысқа орналасып, 30 адам оқуға жолданды.

Осы жылғы I жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында облыстағы 21 874 азамат жұмысқа орналастырылып, жылдық меже 47,1%-ға орындалды, − дейді басқарма басшысы.

Жұмысқа орналастырылған 22 мыңға жуық адамды жекелеп қарастырсақ, 1 538 адам ұлттық жобалар аясында іске асырылған жаңа жұмыс орындарына, 2 990 адам Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру» тапсырмасы бойынша, 4 741 адам еңбек биржасы арқылы бос жұмыс орындарына орналастырылған. Қоғамдық жұмыстарға, жастар практикасына және әлеуметтік жұмыс орындарына 11 883, ал 722 адам жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін мемлекеттік грант иеленіп, өз кәсіптерін ашқан.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!