Аптап ыстық пен жауын-шашын мөлшерінің аз болуы Арал ауданын қуаңшылықта қалдыр­ды. Өңірде төтенше жағдай жарияланады деген ақпараттың тарағанына да біраз болды.  Бүгін аудандағы  ахуалды сала маман­дарымен бірге толығырақ тарқатуға тырыстық.

Жыл басынан бері мұнда 500-ден аса мал қырылса, қазір тақырға айналған жайылымдарда 250 мыңға жуық төрт-түлік көкке жарымай жүр. Мамандардың айтуынша, малды сақтап қалу үшін 9 мың тоннадан аса жем-шөп қажет.  Құрғақшылықтан кеуіп кеткен жердің құнарлылығы небәрі 2 пайыз, топырақта шөп шығатын нәр жоқ. Бұл ғылыми негізде анықталып отыр. 

Аудан аймағы шөптің биылғы шығымдылығына қарай шартты түрде үш санатқа (қызыл, жасыл, сары) бөлінген. Жайылымдық жерлері 90 процент құрғап кеткен қызыл аймаққа 13 елді мекен енген. Ал сары аймақтағы елді мекендерде 30-40 процент  шөп бар. Жасыл түспен белгіленген елді мекендерде шөптің шығымдылығы қалыпты.

‒  Қазір аудандағы қызыл аймаққа енген 13 ауылдық округте ахуал тұрақты. Аталған ауылдық округ тұрғындары жем-шөпті қазіргі кездегі қажеттілігіне сәйкес сатып алуда. Төтенше жағдай жарияланған уақытта шөп тасымалына кететін жанар-жағар майға көмек жасау заңдылыққа сәйкес қарастырылады деп отырмыз.

Қызыл аймаққа енген 13 ауылдық округте  16 699  бас мүйізді ірі қара, 29142 бас қой мен ешкі, 17587 бас жылқы, 14533 бас түйе бар. Осы малға 4955  тонна шөп қажет болса, бүгінге дейін   985,6  тонна шөп және 15 тонна жем жеткізілді, енді 136 тонна шөп алуға тапсырыс берілді.  

Ауданға шөпті Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария  аудандарының және Ақтөбе облысының Ырғыз аудандарының кәсіпкерлері алып келуде. Әзірге жоңышқа және қыр шөбі келіп тұр. Шілде айының бірінші онкүндігінен кейін пішен, яғни  шөп науқаны басталады. Қазіргі кезде жағдай тұрақты, ‒ дейді Арал ауданы әкімінің орынбасары Еркін Әбішев.

Төтенше жағдай жарияланған уақытта Ақшатау мен Қамбаш көлдер жүйесіне су толтыру мақсатында Бұрмақұлақ арнасын бөгеу жоспарланған. Сондай-ақ 15 елді мекеннің аумағына 15 су ұңғымасын қазу қарастырылған.  Осы орайда «Бұрмақұлақпен қоса Ақлақ су тоспасын жабу арқылы құяр сағадағы көлдерді толтыруға бола ма? Бұрмақұлақ бөгетін жапса, төмендегі ауылдар Бөген, Қарашалаң, Жаңақұрылыс, Қаратерең ауылдарына барар су жайы қалай болады?» деген сауалымызды да жауапты мамандарға жолдадық:

‒ Негізінен Ақлақ су тоспасы Балтық деңгейі бойынша 53,50 метрге дейін су деңгейін ұстайды, қыста 400 текше метр су, ал жаз айларында секундына 515 текше метр су өткізе алады. Ақлақ су тоспасының (гидроузел) атқаратын қызметі – тоспаны 53,50 метр биіктікте ұстап тұру. Осы деңгей арқылы Сырдария өзенінен келіп жатқан суды Ақлақ су тоспасына дейін орналасқан 11 көлге, шабындықтарға  каналдар арқылы жіберіп, балықтың өсуіне және мал азығы үшін шөп дайындауға пайдаланылады.

Ал екінші мәселе бойынша облыстық «Қазсушар» РМК және облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мекемелерінің су саласы мамандарымен арнайы зерттеу жұмыстары жасалып жатыр. Сондықтан Бұрмақұлақ бөгетін бөгеу жұмыстары зерттеу қорытындысына сәйкес жүзеге асырылады, ‒ дейді Е.Жұмаханұлы.

Ресми дерекке сүйенсек, қазір ауданда жем-шөп сатылымда бар. Тарқатып айтсақ, 1 пресс жоңышқа шөбі 1000-1200 теңге аралығында, 1 пресс қыр шөбі 650-700 теңге, жем (бидай кебегі) 1550-1700 теңге аралығында нарыққа шығарылған.

Жалпы осыған дейін өңірде қуаңшылық жағдайының орын алуына байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссияның екі мәрте отырысы өткен. Комиссия отырысының қорытындысымен аудан аумағында төтенше жағдайды жариялауға толық негіз бар екені анықталған. Соған сәйкес  аудан аумағында жергілікті ауқымда табиғи сипатта төтенше жағдай жариялау туралы шешім жобасы “Құқықтық актілер туралы” ҚР Заңының 20-бабына сәйкес нормативтік-құқықтық актінің тиісті жобасын жария талқылау үшін ашық нормативтік-құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылды (“Ашық” НҚА интернет-порталында 10 жұмыс күн талқылауда тұрады. Әділет министрлігінде келісу 3 жұмыс күнді және тіркеу 1 жұмыс күнін құрайды). Қазір нәтижесі күтілуде. Жалпы төтенше жағдай мерзімі аудандағы төтенше жағдай салдары толық жойылғанша күшінде болады.

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!