Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу қажеттігін айтқан болатын. Міне, бүгінгі күні осы бастаманың жүзеге асқанын көріп отырмыз.

Осы уақытқа дейін болған барлық сайлауға белсене қатысып келе жатырмын. Ал, бүгінгі сайлау науқанының халқымыз үшін маңызы өте зор. Себебі, ауыл тұрғындары өз қалауларымен елге жанашыр, туған жерін дамытуға бар күш-жігерін жұмсайтын азаматты таңдайды.

Биылғы сайлау 2021 жылдың тамыз айынан бастап өкілеттігі аяқталатын әкімдерге қатысты. Ауданнан 3 ауылдық округ әкімдері сайланатын болады, ал Қарашеңгел ауылдық округінен 3 кандидат бағын сынауда. Барлығына сәттілік тілеймін!

Бәсекеге түскен кандидаттардың барлығы да елге елеулі, тұтқа болар азаматтар. Оларға қазалылықтар атынан алғысымды жеткізгім келеді.

Ендігі кезекте халықтың үдесінен шыққан үміткер алдағы қажырлы еңбек пен табысты өркендеудің кепілі болсын. Елімізде болған әрбір іс жақсылығымен келсін, елімізде тек тыныштық болсын, халқымыз аман болсын демекпін!

Әлімбай Қасқырбай,

Қазалы аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы, «Жалаңтөс батыр» ЖШС директоры

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!