Белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы нәрестемен түскен фотосын жариялады. Жуырда денсаулығына байланысты ауруханаға түскен ол жағдайының жақсарғанын айтты, деп хабарлайды Экспресс К.

Өзінің Instagaram-дағы парақшасында Ләйлә Сұлтанқызы сәбимен түскен фотосын жариялап, жазба қалдырды. Онда ол бала сүйе алмай жүрген бірнеше отбасыға ЭКҰ (экстракорпоральды ұрықтандыру) жасатуға қол ұшын бергенін және оның нәтижесінің оң болғанына қуанғанын жазған.

«Әлі де ес жия алмай келе жатқанымды жақсы білесіздер ғой. Бірақ қара бұлттан кейін сәулелі күн шығады деуші еді. Мына жаңалық мен үшін сол «күндей» болды. Естеріңізде болса, жыл басынан бері ЭКО-орталықпен бірігіп, 4 келіншекке тегін ЭКО жасатып едік. Төртеуінің екеуі Өскеменнен, екеуі басқа өңірдікі. Үнемі байланыстамыз. Арасында сіздермен де бөлісіп тұратыным бар еді. Кеше қыздар хабарласып, Оралдық Жаннаның декреттік демалысқа шыққанын айтты. Қазір 30-шы аптада. Төртеуінің үшеуі ана атануға дайындалып жүр. Жаңа өмірдің бастауына себепші еткен Аллаға мың шүкір!», — деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы.

Сондай-ақ ол өзінің денсаулығына алаңдап, ниеттес болған оқырмандарына алғысын жеткізді.

Қанша күннен бері денсаулығыма алаңдап, жағдайымды сұрап жатқан баршаңызға мың алғыс! Тәуірмін. Жаным жаралы болса да, тәнім сау, шүкір! Ұлдардың амандығы, ұрпағының саулығы үшін әлсіздік танытуға хақым жоқ,

— деді тележүргізуші.