Қазір әскерге ынталы буынның азаюы тұтас елді алаңдатып отыр. Мәселені шешуде нақты механизмдер ұсынылды. Қорғаныс министрлігі еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігімен, сондай-ақ жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп, азаматтардың мерзімді әскери қызметін өтеуге ынтасын арттыру мақсатында жаңа жоба бастайтынын хабарлады. Оларға ҰБТ-ны есепке алмай-ақ оқуға түсу мүмкіндігі ұсынылады. Бұдан бөлек, мерзімді әскери қызметті өткеріп жүрген азаматтарға биылдан бастап кредит демалысы берілмек. Десе де әскерден жалтарғандар азаймай тұр. Дерек бойынша оның саны 30 мыңнан асып жығылады. Себеп неде деп ойлайсыз?

Мұқағали ҚАРШЫҒА,
белсенді жас:

– Жалпы ер азаматтың әскерге барғаны дұрыс. Ол жақта «таяқ жейсің» деген қате пікір. Әрине ол жерде шынықтырады адамдарды, әр нәрсенің қадірін білсін деп тәртіп орнатады. Еркін жүріп армияға барып, бірден тәртібіне үйреніп кету оңай болмайды. Бір ай бойы карантин жариялайды ант бергенге дейін, ауа-райына, жеріне, суына, тәртібіне үйретеді. Бір адам жай, бір адам тез қабылдайды ақпаратты. Әскердегілерді кінәлаудың қажеті жоқ! Адам өзіне сеніп бару керек. Өлім көбейіп кетті деп жатады қазір, бұл ақпараттық заман ағымынан деп ойлаймын.

Гүлмира ӘБІҚАЙ,
журналист:

– Әскерде былық көп. Астанадағы Ұлттық гвардия сарбазы туған анасын танымай жатыр. «Балаңыз ауруханаға түсті» дегенді естіп жедел жеткен ана байқұс ұлының бетіне қарап отыр. «Мен баламды ауруханаға жатсын деп емес, Отан қорғасын деп аттандырдым. Балам сөйлемейді, маған тіл қатпайды. Іштен тынған. Бір нүктеге қадалып отыра береді, мүгедекке айналды» дейді Дина Жүсіпова. Әскерилер мен дәрігерлер де баланың дәл қазіргі жайын түсіндіре алмады. Әскери бөлім басшылығы «кешкі тамақтан келе жатып, баспалдақта құлады. Біз жедел жәрдем шақырдық. Денесінде еш зорлық, қинау белгісі жоқ. МРТ, КТ өткіздік, еш ауытқу анықталмады» дейді. Дәрігерлер әзірге «судорожный синдром» диагнозын қойды. Ұлттық гвардияның 5573 ә/б қызметтік тергеу басталды.
Бұдан бөлек, жақында 18 жасар солдаттың ажалы неден болғаны анықталды. Оқ тиген жоқ, әскери оқу-жаттығуда зақым келген жоқ. Масқара болғанда зорланғанына қорланып өлген. «Марқұмның ауыз қуысынан, іш киімінен бірнеше бөгде адамның шәуеті шықты. Медициналық сот сараптамасы 3 рет жасалды. Бәрінде бір жауап. 4 айда тергеуді аяқтап, сотқа жіберу мақсатында Оңтүстік аймақтық Әскери Тергеу басқармасы ақиқатты анықтауға енжар» деді осы іске қатысты марқұмды ұрды-соқты деп күдікті болған бөлім командирінің қорғаушысы С. Пірәлиев. 5 ай бұрынғы оқиғаға көз жүгіртейікші. Сарбаздың өлімі жайлы енді айтпаймын десем де мынадай сұмдыққа бей-жай қарап тұра алмадым.
Атырау облысының Миялы жұрты 18 жасар Бекбол Досболұлының денесін жер қойнына тапсырды. Тараз қаласында әскери борышын өтеп жатқан жауынгер өз-өзіне қол жұмсаған. Жүк-200ді үйіне жеткізген әскерилер марқұм сүйген қызымен ренжісіп қалғандықтан өмірден түңілді дегенді айтты. Алайда, Бекболдың қызы жігітінің соңғы жазған смстерін жылап тұрып оқып берді. «Қорқынышпен өмір сүріп жүрмін… бәрінен қорқып жүрмін…бұрын адамнан қорықпаушы едім… Бұлай қорқынышпен өмір сүргенше мен өмірден жоқ болып кеткім келеді…» деген хатқа әскери бөлім басшылары не жауап айтар екен? Солдаттар кімнен қорқады? Сарбазды өлімге дейін итермелеген кім? Бекбол ауылда ешкімге дес бермес спортсмен, чемпион болған. Марқұмның денесін елге жеткізген мына офицерлер баланың қорланып өлгенін білмеді дегенге сенесіз бе? Мен сенбеймін.

Қуаныш ЖАҚСЫТАЕВ,
қала тұрғыны:
– Әскерге бармау қате түсінік. Ер жігіттің Отан алдындағы борышын өтеу – міндеті. Егер де денсаулығының жарамсыздығына немесе басқа да жағдайда әскерге бармау керек болса түсінікті. Соңғы уақытта болып жатқан жаңалықтардан біздің де хабарымыз бар. Десе де кейбірі алып-қашпа әңгімеден тарауы мүмкін. Кейбірі шынымен орын алған жағдай болуы да мүмкін. Бірақ дәм-тұзы таусылып тұрған адам болса әскерге бармай-ақ та болатын нәрсе болады. Жол апатынан да қыршын қиылып кеткендер жетерлік. Отан алдындағы борышын өтеуден қашудың жөні жоқ. Ер адам бәрі жағдайды бастан өткеріп, шынығу керек.

Анар ТӘЖІМАНАЙ,
ата-ана:
– Екі ұл тәрбиелеп отырмын. Бұған дейін ұлдарымды әскерге жібермеймін деген пікір болмаған. Бірақ соңғы ақпарат ойымды түбегейлі өзгертті. Баласын зор үмітпен жіберіп, табытпен күтіп алып жатқан аналарды естіп, жүрегім ауырады.Соңғы ақпарат бәрімізге қатты тиді. Ұрсын, соқсын, ақша сұрасын. Құл қылып жұмсасын. Бірақ азғындыққа барудың керегі қанша? Бармай жатып қиындықпен бетпе-бет келеді. Қайтатын уақытқа дейін не бір азапқа төзеді. Енді үйге барамын деп алып-ұшып жүргенде сұмдық жайға тап болады. Өзім әскердегі жағдайды бес саусақтай білемін дей алмаймын. Басында болып, көзбен көрмеген соң да айта салу қиын. Өзгені білмедім. Олар өсемін дегенше әскердегі тәртіп қалыпқа келмесе, бүгін-ертең азаматтық борышын өтеуге міндеттей алмаймын.

Әділ ЖАҚАНОВ,
тележурналист:

– Өзім үйде ұлдан жалғыз болдым. Анам әскерге жібергісі келмеген бастапқыда. Бірақ атам әскер түгіл соғысты көрген, әкем де әскер қатарында болған. Мен неге бармай, қашуым керек? Ештеңеге қарамай бардым. Әскерде ешкім басыңнан сипамайды, тал түске дейін ұйықтап жатпайсың, еркелетіп алдыңа тамақ әкелмейді. Күнделікті режим, темірдей тәртіп ер адамды шыңдайды. Талай төбелестім, таяқты да жедік. Бірақ сынған жоқпыз. Егер маған екінші рет «әскерге барасың ба?» десе ойланбастан барар едім…

Жандос ЖАЗКЕН,
журналист:
– Мамандардың айтуынша, бүгінде 30 мың қазақстандық әскери борышын өтеуден қашып жүр. Осы жайттардан кейін жастарда патриоттық сезім, ер-жігітке тән намыс, ар-ождан қалмады деген сыни пікір толып жүр.
Бұл ретте жастарды да кінәлауға болмайтын шығар. Иә, кеңес заманында барлығы әскерге барған, бірақ ол кезде аты айтып тұрғандай, заман басқа болды. Әскери борышын өтеген азаматқа жұмысқа орналасуға, қоғамда өз орнын табуға жеңілдік берілген. Ал қазіргідей жаһандану, материалдық құндылықтар алға шығып бара жатқан заманда мектеп бітірген жас түлек жоғары оқу орнына түсіп, білім алғысы келеді. Әскерге барып келсе екі қолға бір күрек табудың қиындайтынын біледі. Яғни уақытымды құр өткізгім келмейді дейді. Сондықтан да Отаны үшін әскери парызын өтеген азаматқа болшағына сеніммен, мақтанышпен қарай алатындай жағдай жасау керек. Тарихта да қазақтар өз әскеріне ерекше көзқараспен қараған, олардың қоғамдағы орны мен мәртебесі жоғары болған. Сол себепті қазақтар арасынан батыр ер-жігіттер көп шығып отырған.Бұл бір ғана мысал. Жастарды Отанын сүюге, патриоттыққа тәрбиелеу ол бөлек әңгіме. Жан-жақты талдау керек. Бір сөзбен айтқанда Қарулы күштеріміз үлкен реформаны қажет еді.

P.S. Ерін құрметтеп, арқа сүйетін халықпыз. Солар бізге қорған болады деп үміт артамыз. Әскерден жалтарып, қорқып жүрсе, біз кімге сенім артуымыз керек? Рас, соңғы ақпарат елді дүр сілкіндірді. Қайғылы жағдай жиі орын алуда. Әскердегі тәртіп қалыпқа келмейінше, «мен әскерге барамын» дейтін жастың саны азайып кететін секілді ме…

Мөлдір Сабыржан

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!