Алматы қаласының Алатау ауданында 7-сынып оқушысы көз жұмды. Оқиғаға қатысты куәгерлер айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.

Алдын ала мәлімет бойынша, оны 17 жастағы жасөспірім пышақтаған. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Оқиға куәгерінің айтуынша, балалар сөзге келіп қалған. Олар көпқабатты үй ауласындағы мектептің алдына жиналыпты. Кенеттен 17-лер шамасындағы жасөспірім оқушыны пышақпен ұрды дейді.

“Өзіме әлі келе алар емеспін, бәрі менің тереземнің алдында болды.13, 17 жастағы балалар жай төбелестің орнына пышақ ұстап келген. Пышақ тыққанда бір тамшы қан да көрінбеді, сол себепті ешкім байқамады. Жедел жәрдем келіп күртесін ашқанда ғана көрді. Ол кезде көмек беруге тым кеш болып кетті. Бала 40 минут жерде жатты. Жедел жәрдемге 3 рет хабарластық”, – дейді куәгер Диана.

Мектеп әкімшілігі көз жұмған оқушының ашық-жарқын болғанын айтады. Сабақты да жақсы оқыған. Бұған дейін ұрыс-төбелестерге қатысқанын байқамадық дейді.

“Ол оқушы мектептің жұмыстарына белсенді қатысатын. Оның оғаш қылықтарын біз ешқашан байқамағанбыз, себебі ол өзінің құрдастарымен де, басқа сынып оқушыларымен де өте жақсы қарым-қатынаста болған және де мұғалімдермен де қарым-қатынасы жақсы еді, – дейді №114 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орнбасары Жарқын Асхатқызы.

Қалалық полиция департаменті оқиға Алатау аудандық полиция басқармасының бірыңғай тізіліміне тіркелгенін хабарлады. Мәселенің мән-жайды анықталып жатыр.

“Қылмыстық Кодекстің 99-бабының нормалары бойынша тіркеліп, қазіргі таңда адам өлтіру дерегі бойынша тергеу амалдары басталды. Күдікті ізін суытпай табылды”, –дейді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Қазір марқұм болған жеткіншектің жақындары мен сыныптастарына психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.