Баяғыда бір отыншы өмір сүріпті. Ол ормандағы ағаштың түр-түрін кесіп, базарға саудалап, күнелтіпті. Отыншы бір күні орманды ұзақ аралайды. Ол мұндағы ең биік ағашты таңдайды да, балтасын сермейді. Кенет ағаш қуысынан бір алтын құс шыға келеді. Құс адамша тіл қатады:

– Ей, адам, бұл ағашты шаппа, сонда мен сенің үш тілегіңді орындаймын, – дейді. Отыншы оған қатты қуанып, үйіне кетеді. Болған жайды әйеліне баяндап береді. Әйелі болса:

– Біз зәулім сарайда тұрсақ керемет болар еді деп айтқанынша алтын құс олардың бірінші тілегін орындап, сол мезетте зәулім сарай пайда болады. Отыншы: «Бұл сарайды еңбекпен тапқан жоқпыз, берекесі болар ма екен? Одан да лашықта тұра бергеніміз жақсы еді», – дегені сол екен зәулім сарай бір демде лашыққа айналады. Осылайша алтын құс екінші тілекті орындады. Енді бір ғана тілек қалды. Отыншы: «Бізге күш-қуат берсе, зәулім сарайды да, ғажайып бақты да өз еңбегімізбен табар едік», – дейді. Осы тілегінен кейін отыншы мен оның әйелінің істері оңға басып, қалағанының бәріне қол жеткізіпті, бақытты ғұмыр кешіпті.

Жанқуат СӘКЕН,

Ә.Молдағұлова  атындағы  №173  орта  мектептің оқушысы 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!