Қазір қолыңда ұялы телефоның мен басыңда күлкілі таспаға идеялар көп болса билікке бас сұғып кіруге мүмкіндігі бар. Бұл кликбейт емес, бұл – бүгіннің шындығы. Бұрын саясат пен мемлекеттік қызметке келу ұзақ жылдық тәжірибе мен жүйелі білімнің нәтижесі саналса, қазір танымалдылық – билет іспетті. Кеше ғана әлеуметтік желіде аудитория жинап жүрген блогер, сахнада образ сомдаған актер, не болмаса спорт алаңында тер төккен чемпион бүгін мемлекеттік лауазым иесі ретінде ел алдына шығып жатыр. Бұл – заман талабы ма, әлде жүйенің әлсіз тұсы ма?
Осы сұрақтың төңірегінде ой қозғағанда, ең алдымен тұлға мен жүйе арасындағы тепе-теңдікті таразылау қажет. Себебі жеке харизма мен кәсіби құзыреттілік әрдайым бір-бірімен үйлесе бермейді.
Мәселен, Дәулет Мұқаев – кейінгі жылдары саясат сахнасына блогерліктен келгендердің бірі. Әлеуметтік желі арқылы жастарға бағыт-бағдар беріп, қаржылық сауаттылықты насихаттаған ол бүгінде депутаттық мінберден қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп жүр. Оның бастамалары арасында жастар саясаты, қаржылық тәрбие, әлеуметтік теңсіздік тақырыптары бар. Мұқаевтың артықшылығы – аудиториямен тікелей байланыс орната білуі және қоғамдағы проблемаларды «ішінен» сезінуі.
Алайда бұл мысал жалпы үрдісті толық ақтай ала ма?
Кеше ғана Түркістан облысында тағы бір қызық та даулы тағайындау орын алды. Мансар Орынхан есімді блогер әрі актер күрес федерациясының медиа саласына жауапты вице-президенті қызметіне келді. Бұл жаңалық қоғамда екіұшты пікір туғызды. Бірі – заманға сай қадам десе, екіншісі – кәсіби кадрлардың бағаланбауыдеп сынға алды.
Шын мәнінде, мәселе нақты бір адамда емес. Мәселе – критерийде.
Билікке келудің нақты өлшемдері қандай? Арнаулы білім бе, тәжірибе ме, әлде танымалдылық па? Егер бүгінгі жүйеде үшінші фактор басым болса, онда ертең мемлекеттік шешімдердің сапасы қандай болмақ?
Қарапайым логикаға салсақ, мемлекеттік басқару – күрделі механизм. Мұнда экономика, құқық, халықаралық қатынастар, әлеуметтік саясат сияқты салалардың тоғысқан нүктесі жатыр. Бұл – тек сөйлеу шеберлігі немесе аудиторияны ұстай білу ғана емес, маңызды шешім қабылдай алатын кәсіби дайындықты талап ететін сала.
Дегенмен жаңа буын өкілдерінің билікке келуін біржақты теріске шығару да дұрыс емес. Себебі олар – қоғамның сұранысынан туған феномен. Халық бүгін кабинеттен шықпайтын шенеуніктен гөрі, өзімен тіл табыса алатын, оның мұңын түсінетін тұлғаны көргісі келеді. Бұл тұрғыда блогерлер мен медиа тұлғалардың артықшылығы бар.
Мысалы, Бауыржан Байбек немесе Асхат Аймағамбетов секілді дәстүрлі жолмен келген шенеуніктер жүйені ішінен меңгеріп шыққан кадрлар болса, жаңа буын өкілдері жүйеге сырттан келген «жаңа қан» іспетті. Бірақ дәл осы «жаңа қанның» сапасы қандай – басты сұрақ осы.
Спортшылардың саясатқа келуі де жаңа құбылыс емес. Мәселен, Серік Сәпиев – Олимпиада чемпионы, кейін мемлекеттік қызметте түрлі лауазымдар атқарды. Оның жұмысы қоғамда көбіне оң бағаланады. Себебі ол тек атақпен емес, басқарушылық тәжірибемен де өзін дәлелдеуге тырысты.
Геннадий Головкин де спорт саласында жетекшілік қызмет атқарып жүр. Оның да басты капиталы – сенім мен бедел. Бірақ дәл осы бедел кәсіби басқару дағдыларымен толықтырылмаса, ұзақ мерзімді нәтиже беруі екіталай.
Сонда «болар бала он бесінде бас болады» деген тәмсіл бүгін қаншалықты өзекті?
Иә, қабілетті адамды ерте танып, қолдау – қоғам үшін маңызды. Бірақ қабілет пен танымалдылықты шатастырып алмау керек. Әлеуметтік желідегі миллиондаған оқырман – бұл басқарушылық қабілеттің дәлелі емес. Бұл – тек коммуникацияның күші.
Бүгінде кейбір тағайындаулардың астарында нақты критерийден гөрі, хайп пен танымалдылықтың ықпалы басым сияқты көрінеді. Бұл – қауіпті тенденция. Себебі мемлекеттік қызмет – эксперимент алаңы емес. Әрбір шешімнің артында халықтың тағдыры, бюджет қаржысы, елдің болашағы тұр.
Сонымен қатар кәсіби кадрлардың көлеңкеде қалып қою қаупі бар. Жылдар бойы білім алып, тәжірибе жинаған мамандардың орнына танымал тұлғалардың келуі – әділеттілік мәселесін де көтереді. Бұл жағдайда қоғамда еңбек емес, атақ маңызды деген түсінік қалыптасуы мүмкін.
Дегенмен мәселені тек қара бояумен суреттеу де әділдікке жатпайды. Егер блогер, актер немесе спортшы өз саласында жетістікке жетіп қана қоймай, мемлекеттік қызметке саналы түрде дайындалып келсе, білімін жетілдірсе, онда оның келуі – қоғам үшін пайда әкелуі әбден мүмкін.
Мәселе – жауапкершілікте. Билікке келген әрбір тұлға өз аудиториясына емес, бүкіл халыққа жауапты екенін түсінуі керек. Ал қоғам эмоциямен емес, нәтиже арқылы бағалауды үйренуі тиіс.
Қорытындылай келе, бүгінгі Қазақстанда билікке келудің жаңа моделі қалыптасып жатқанын байқаймыз. Бұл модельде танымалдылық пен қоғамдық ықпал үлкен рөл атқарады. Бірақ дәл осы модельдің өміршеңдігі оның ішкі сапасына байланысты болмақ.
Егер жүйе нақты критерийлерге сүйеніп, кәсіби дайындықты бірінші орынға қойса, жаңа буын ел дамуына серпін беруі мүмкін. Ал егер шешуші фактор ретінде тек танымалдылық қала берсе, онда бұл құбылыс уақытша тренд ретінде ғана тарихта қалуы ықтимал.
Қоғам алдында тұрған басты таңдау нақты нәтиженің қамын қарастырса екен дейміз, себебі мемлекет – сахна емес. Ал шынайы басқару – лайк пен қаралымнан әлдеқайда күрделі.
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
