Қостанайда зейнеткердің өліміне қатысты сот отырысында прокурор қылмыскерді 16 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Деректерге сай ол зейнеткердің мойнындағы алтын алқасын алу үшін 15 рет пышақ салған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Нечаевка ауылының 45 жастағы тұрғыны Марина Евтюхина 75 жастағы зейнеткердің әшекейін аңдыған.  Басылым мәліметінше ол қыркүйектің 1-і күні алтын бұйымдарын тағып жүрген зейнеткер Жапарованы көріп, үйінің кіреберісіне дейін ілесіп, сол жерде оған 15 рет пышақ сұққан.

Зейнеткер сол жерде жан тапсырды. Евтюхина мойнындағы құны 350 мың теңге тұратын алтын шынжырды шешіп, оны ломбардқа 130 мыңға тапсырған. Кейінірек әйел ұсталып, ұрлағаны анықталды.

«Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, өкінетінін мәлімдеді. Келесі кездесуде сарапшы-психологтан жауап алынды. Ол Евтюхинаның жас кезінде қалыптасқан психикалық ауытқуы болғанын, алайда қылмыс жасалған кезде денсаулығында кінәраттың болмағанын айтты», – делінген хабарламада.

Прокурор ауырлататын мән-жайлардағы кісі өлтіру қылмысы бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын қарастырылғанын еске сала отырып, Евтюхинаны 16 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Жәбірленушілер бастапқыда сотталушыны барынша жазалауды, одан отбасылық шығын мен 20 миллион теңге материалдық шығынды өндіруді сұраған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!