Күнделікті несібесін тас жолдан тауып жүрген көлік жүргізушілері биыл жағымсыз жаңалыққа тап болды. Батыс Еуропа-Батыс Қытай тас жолы қараша айынан бастап ақылы жүйеге көшті. Яғни, жүк көліктері шақырымына 5 пен 25 теңге аралығында төлесе, жеңіл автокөліктердің тарифі 1 шақырымға – 1 теңгені құрап отыр. Жалпы елде мұндай ақылы жолдардың саны көбейеді. Қазірдің өзінде Қазақстанда 5 автожолға ақы төлейсіз. Батысқа еліктейтін қасиетіміз жол мәселесіне де жетіпті. Еуропа елдеріндегі көрініс мынандай. Мәселен, Ресейде жүк машиналары 1 шақырым үшін 22 теңге төлейді, Италия мен Германияда орташа есеппен 70 теңге, Беларусь мемлекетінде 80 теңге шығындайды. Ал Хорватияда жүк көлігі үшін жолда жүру құны шақырымына 122 теңге тұрады. Жолға жауаптылар «біздің елде тас жол тарифі арзан» дейді. Жауаптылардың баға жөніндегі әңгімесі дұрыс-ақ. Бірақ сапа ше?

Тәуліктің тең жартысын тас жолда өткізетін жүргізушілер ақылы жолдардың құнына сай болғанын қалайды. Айтуларынша, біздегі ақы алынатын жолдардың сапасы сын көтермейді. Осының салдарынан ауыр жүк көліктерінің өзі істен шығып жатады.

– Елдегі кейбір тас жолдар ақылы жүйеге сай келмейді. Мысалы, Қызылордадан Ақтөбеге дейінгі аралықты алайықшы. Бір ғана бағыт. Еуропалық стандартқа сай келмейді. Ақылы жолдардың кем дегенде екі бағыты болу керек. Жан-жағы да қоршалмаған. Соның салдарынан түн ішінде тас жолға шығатын үй жануарлары да көп. Байқамай қалсаңыз, тас жолда опық жейсіз.  Оның үстіне жол бойындағы сервис те ақсап тұр. Жүргізушілерге лайықты жағдай жасалмаған. Ендеше, біз несіне ақы төлеуіміз керек, – дейді жүргізуші Нұрлан Өтегенов.

Жүр­гізуші­лердің жанай­қайын Мәжіліс  депутаты Азат Сембинов құптайды. Халық қалаулысы  “ҚазАвтоЖол”-дың қызметіне көңілі толмайтынын жеткізді.

– Соңғы күндері бірнеше өңірінде ақылы автожолдардың көбеюі  мен тарифіне байланысты кәсіпкерлер мен жүк көліктері иелерінің наразылық акциялары өтіп жатыр. Олар тарифтің құны жол сапасына сай келмейтініне, «ҚазАвтоЖол» компаниясы қызметінің ашық еместігіне наразы. Компанияның монополистік сипатта жұмыс істеп отырғанына назар аударды. Бүкіл әлемде ақылы автожолдар тегін балама трасса ұсынылған жағдайда ғана енгізіледі. Осы жағдай орын алған жағдайда ақылы болуға рұқсат етіледі. Бізде қалай? Көлікке салықты бір төлейді, жолға қосымша қаржы жұм­сайды. Жол тағы солардың салығының есебі­нен салы­нып жатыр.

Бүгінгі таңда «ҚазАвто­Жолдың» «тәбеті» тағы ашылып барады. Тиісінше, бұл халықтың наразылығын тудыруда. Бастамашылар ақылы жолдардың пайда болуы нарықтық экономиканың талаптарынан туындағанын алға тартуда. Бірақ нарықта бәсекелестік те, таңдау да болу керек. Ал «ҚазАвтоЖол» ұстанған тәсіл көлік иелерін таңдау құқығынан айырып қана қоймай, адамдарды тығырыққа тіреп отыр, – дейді депутат. 

Инду­стрия және инфра­құрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов тың қазіргі жүйеге көңілі толатын көрінеді. 

– Ақылы жолдар – әлемдік тәжірибе. Көптеген елде «жолды кім пайдаланады, оны күтіп ұстауға ақы төлесін» деген қағиданы ұстанады. Өйткені инертті материалдарды тасымалдайтын ауыр жүк көліктері жолдың беткі қабаттарын жиі бұзады. Бұдан бөлек, біздің жолдарды Қазақстан аумағы арқылы қатынайтын үшінші елдердің он мыңдаған транзиттік жүк машиналары тоздырады. Біздің тасымалдаушылар да шет елдердің аумағы арқылы жүріп өткенде барлық алымдарды төлейді. Бұл – қалыпты дүние. Сонымен қатар Министрлік жол бойындағы сервисті дамыту үшін әкімшілік тәсілдерді қолданады. Біз өз тарапымыздан сервис нысанын орналастыруға келісім береміз. Бірақ заманауи жаңа нысандарды салуға жер учаскелерін алу үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан бюрократия жағдайлары орын алып отыр. Түптеп келгенде, жол бойындағы сервис нысандарын дамыту, ең алдымен әкімдіктердің құзыретіне жатады. Өйткені бұл бизнестің дамуына әсер етеді. Сондықтан бұл бағытты дамытуға байланысты мәселелерді шешу үшін жергілікті атқарушы органдар мен бизнес-қоғамдастықтың бірлескен іс-қимылы қажет, – дейді Б.Атамқұлов.

Министрдің дерегінше, 2025 жылға дейін автомобиль жолдарының 11 мың шақырымына ақылы жүйені енгізу жоспарлануда. Бірінші кезеңде биыл 5,8 мың шақырымды ақылы ету міндеті тұр.

Төлем жасалатын жолда жеңілдік іздейтініміз бар. Яғни, жеңілдіктер ақылы жолдарда да қарастырылған екен. Нақты айтсақ, келесі аудандарда тіркелген жеңіл автокөлік иелері ақылы жолдарда жеңілдікпен жүре алады. «Шымкент – Қызылорда» бағытына қарасты  Кентау, Сауран, Ордабасы, Байдібек, Сайрам, Жаңақорған, Шиелі аудандарында тіркелген автокөліктердің тарифтері төмен.

Сандар сөйлейді:

Қазақстан әлем елдерінің ең соңғы жарияланған рейтингтерінде автомобиль жолдарының ұзындығы жағынан – 32 , жан басына шаққандағы ұзындығы жағынан – 97, ал оның сапасы жағынан – 93 орында тұр.  Былтыр Қазақстандағы ақылы жолдар арқылы 10,7 млн көлік жүріп, олардан 5,7 млрд теңге түсім түскен.

 Расында ақылы жолды сынға алған қарапайым жүргізушілердің сыны орынды. Ақша төлесе де, жол стандартқа сай келмейді. Үй мен жабайы жануарлар да жолға жиі шығып кетеді. Соның салдарынан жол-көлік апаты көп. Мұндай келеңсіздіктердің соңы азық-түліктің бағасына да әсер ететінін ұмытпағанымыз абзал.

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!