Бұл әңгімені маған Алдашбай ахунның ұрпағы, Қармақшы ауданы Тұрмағамбет ауылының сексен жастағы тұрғыны Мінуар Алдашбаев ата айтып берген еді. Айта кетейік, сексен жастағы қария осы өңірде өмір сүрген белгілі тарихи тұлғалар туралы жақсы біледі екен.
Бiрде жолаушылап келе жатып, ұзақ жолдан шаршаған Тұрмағамбет ақын жол жиегінен онша алыс емес ақ боз үйге ат басын бұрады. Есік алдында қазан асылып, жез самаурын қайнап тұрса керек. Түстенбек әрі аздап тыныстап алмақ ниетпен осы үйге тоқтаған белгiлi шайыр атын байлап, үйге енеді. Кірсе, дастархан басында кілең ығай мен сығай – ауыл белсенділері қызу әңгіме-дүкен құрып отыр екен. Ас-су ішіп, дабырлап отырғандар тіпті Тұрмағамбет шайырдың берген сәлемін де жөнді ала қоймаса керек.
Үй иесі де бейсауат жүрген жолаушымен салқын қабақ таныта амандасып, есік жақтан орын нұсқайды. Бағанадан бері асылып жатқан бағлан қозының еті пісіп, үлкен ас дайын болған кезде шаңырақ иесі баласына:
– Көрші шалды шақырып кел. Мына жолаушы кісімен табақтас болсын, – дейді. Көршісі сексен жасты алқымдаған қария екен. Сәлден соң жеткен қария да босаға жаққа Тұрекеңмен қатар жайғасады. Бір кезде су құйыла бастайды. Сонда әлгі қарт қолына су құйған балаға салт жөнімен:
– Көп жаса, балам! – деп ишарат білдіреді. Осы кезде Тұрмағамбет орнынан қозғалып қойып, дауысын көтеріп, төрдегілерді нұсқап:
– Қария, көп жасағанда не бітірдің? Міне, есікте менімен бірге отырсың. Балаға бақытты бол де, әне, бақытты жандар төрде отыр, – депті жұлып алғандай.
Қазына ЖАҢАБАЙ,
Қызылорда қаласы,
№7 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
