Арал қаласының және белгілі ақын Зейнолла Шүкіровтің 95 жылдығына орай «Кіндігім бірге Аралмен…» атты жазба ақындар мүшәйрасы өтті.

Ақындар сайысына аудан әкімінің орынбасары Кете-Төлебай Бержанов қатысты.

«Өздеріңіз білетіндей, биыл тарихы теңізбен ұштасқан Арал қаласына 95 жыл толып отыр. Ауданның бас шаһарының айтулы мерекесі қарсаңында өткізіліп отырған ақындар мүшәйрасының мақсаты сөз жақұтын терген таланттарымызға қолдау білдіру. Шығармашылық ізденіс жолындағы жандарға демеу беру. Өлең мен жырды қару етіп ұлттың кешегісі мен бүгінін түгендеудегі еселі еңбектеріңіз жемісті болғай. Ұшқыр ойларыңыз бен шалқар шабыттарыңыз таси берсін», – деген Кете-Төлебай Бержанов қатысушыларға сәттілік тіледі.

Қызылорда қаласы мен Қазалы, Жалағаш, сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарынан қатысқан үміткерлерге Қазақстан Журналистер  одағының мүшесі, ақын, Толыбай Абылаев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Арал әлемі» газетінің редакторы, ақын Ерғали Абдулла және ақын Құлекешов Қайрат қазылық етті.

Мүшәйра ережесіне сәйкес ақындар алдымен жалынды жырларын Арал қаласының 95 жылдығына арнаса, екінші кезеңде Зейнолла Шүкіровке арналған шығармаларын оқыды.

Арал қаласының тарихымен бірге ақын З.Шүкіровтің өмірі мен шығармашылығы жайында деректер айтылды. Жыр бәйгесінің қорытындысы бойынша  бірінші орынды аралдық ақын Алтынбек Қыстаубаев жеңіп алды. Жүлделі екінші орынды Арал ауданынан қатысқан Алмат Қойбағаров пен жаңақорғандық Азамат Қайратұлы ие болса, үшінші орынға  аралдық Гүлжанат Әйтімова, қызылордалық ақын Айбану Қалиева және шиелілік Рахметулла Жолтаев иеленді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен сый-сияпаттар табысталды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!