Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, заңсыз қудаланған азаматтардың құқығын қалпына келтіру жұмыстары Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін басталды. Яғни 1993 жылдың 14 сәуірінде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды. 1997 жылы Қазақстан Республикасының Президенті жарлығымен 31-мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды.

Осы орайда, 1998 жылы Қызылорда қаласында ашаршылық қуғын-сүргін құрбандарына арнап ескерткіш орнатылды. Қаңқа негізінде қаңылтыр табақтарынан жасалған қуыс металды элементтердің үстіңгі бөлігінде қосылған үшбөлікті құрылыс астына қарай үш сәулелерімен тарқалады және бетоннан жасалған стилобатқа негізделген. Бетонды стилобаттың ортасында гранит тақта орнатылған. Тақтайшада көгершіннің бейнесі және 97 саны, сонымен бірге қазақ және орыс тілдерінде – «Татулық пен еске алу жылы», «Год согласия и памяти» деген сөздер қашалып жазылған. Ескерткіштің биіктігі – 10 метр. Ескерткіштің авторы – сәулетші Мәлік Сапарғалиев.

2017 жылы мемориалды ескерткіштің бастапқы қалпын сақтай отыра қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, аумағы абаттандырылды.

Мемориалды ескерткіш мазмұны жағынан «біз біргеміз» елімізде бейбітшілік болсын, ендігі жерде бұндай қасірет болмасын деген көрініс пен 1937-1938 жылдардағы саяси репрессияда «халық жауы» атанып, жапа шеккен алаш арыстарының ақталғандығының көрінісін береді.

Ескерткіш бүгінде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында «Өңірлік қасиетті нысандар» тізіміне енгізілген. Сонымен қатар, Қызылорда облысы тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3D форматтағы интерактивті картасына (www.virtualmap.xyz) енгізілген. QR-код тақтайшасы орнатылған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!