Kyzylorda-news.kz. Ғаламторда сөйлесудің нақты ережесі жоқ, бірақ бұл жерде де, бастысы, әңгімелесуші адамды құрметтеу маңызды. Мұғалім мессенджерде жазғаннан өз мәртебесін жоғалтпайды. Сондықтан онымен ғаламторда сөйлескендіктен оған деген қатынасыңыз бірден өзгеріп кетпеуі тиіс.
1-ереже. Амандасыңыз
Кейде ата-ана мұғалімге немесе ата-аналар тобына «Арман бүгін сабаққа бармайды» деп жаза салады. Себебі кей адамдар мессенджердегі сөйлесуді жалғасқан әңгіме деп қабылдайды. Егер көшеден таныс адамыңызды күнде көрсеңіз, күнде амандасасыз. Сол сияқты біреумен хат арқылы түнде сөйлессеңіз де, ертеңгісін таңертең алдымен онымен амандасқан дұрыс. Сондықтан мұғалімге хат жазсаңыз немесе оның хатына жауап берсеңіз, алдымен амандасуды ұмытпаңыз. Ол бір секунд уақытты қана алады.
2-ереже. Мұғалімнің толық аты-жөнін жаттап алыңыз
Мұғалімге хат жазғанда оның аты-жөнін қатесіз жазуға тырысыңыз. Бұл арқылы оған деген құрметіңізді көрсетесіз.
3-ереже. Мұғалімнің жеке уақытын құрметтеңіз
Кей ата-ана мұғалімге кешкісін жайрақ, түнде немесе демалыс күндері жаза береді. Бұл мұғалім үшін жауап қайтаруы керек ақпарат. Оған оның жұмысы ешқашан бітпейтіндей көрінеді. Мұғалім ата-анамен әрдайым байланыста болуға тырысады, бірақ ғаламторда сөйлесу адамның жұмысы мен жеке өмірінің араласып кетуіне әсер етеді. Мұғалімнің жеке уақытын құрметтеп, 21:00-ден соң және демалыс күндері оны мүлдем мазаламаған жөн.
4-ереже. Мұғалімнің өтінішіне құлақ асыңыз
«Мен жалғыз, сіздер көпсіздер» – ата-аналар мен мұғалімнің қарым-қатынасын суреттейтін тіркес. Егер мұғалім ата-аналарға нақты ережелер бекітсе, соны сақтауға тырысыңыз. Ол барлығына (сабақ беру, құжат толтыру, іс-шара ұйымдастыру және т.б) үлгеру үшін қандай да бір міндетті орындаудың өзіне ыңғайлы әрі жылдам жолын ұсынады. Мысалы, қандай да бір құжатты мессенджер арқылы емес, электронды поштасына жіберуді өтінсе, бірден солай орындауға тырысыңыз.
5-ереже. Ескертусіз телефон соқпаңыз
Егер мұғалімге хат жазудың орнына қоңырау шалғыңыз келсе, өте тығыз шаруа болмаса, ол туралы алдын ала келісіп алған жөн. Не туралы сөйлескіңіз келетінін де алдын ала жазып жібергеніңіз жақсы. Сол кезде мұғалім дайындалып алады. Мысалы: бағалар жазылған журналды ашып алады немесе балаңыздың бақылау жұмысын шығарып қояды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!