Жаңа оқу жылы жақындаған сайын мектеп киімінің мәселесі ұлғайып барады. Әсіресе ата-аналар мемлекет беретін форманың өзін емес, ақшасын алғысы келеді. Себебі ата-ана үкіметтің бөлген ақшасына киім алып беретіп әкімдіктегілерге мүлдем сенбейді. Өйткені олардың балаларға алған киімдері біріншіден сапасыз, екіншіден көлемі сай келмейді. Міне осылай деген Алматы облысындағы бір топ ана «Мектепке жол» бағдарламасы аясында берілетін мектеп формасын алмаймыз деп шу шығарды, деп хабарлайды 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар қызметі. 

Ата-ана киімнің ақшасын қолымызға берсін деген талап қойып отыр. Оның үстіне көмектің бір үйден бір балаға ғана беріліп жатқаны да жиналғандардың наразылығын тудырған. Ал Қарасай ауданы әкімдігінің өкілдері көмекті толықтай шотқа аудару мүмкін емес деп отыр. Өйткені мектеп формасы алдын ала сатып алынған. Қарасай ауданы әкімдігінің алдына келген көпбалалы аналар білім бөлімі әр оқушыға тиесілі 25 мыңның 18 мыңына мектеп формасын сатып алып, үлестіруді бастап кетті дейді. Бірақ жиналғандар сапасыз әрі ұл-қыздарымызға өлшемі сәйкес келмейді деп берілген мектеп формасынан бас тартуда. Ал шағым айтқандарды мамандар мазақ етіп, келеке қылады дейді ашулы аналар.

 «Әлеуметтік педагог өлшемін алмайды емес, алады. Мынаны қай жеріне кигіземін десем, сата сал да басқасын ал дейді. Шулатпай-ақ қойыңызшы дейді. Мазақ қылып отыр», – дейді көпбалалы ана Эльмира Қоянбаева.

Аз да болса көмекті қолымызға берсін деген топ бір баланы мектепке дайындауға 60-70 мың кетеді дейді. Ал спорттық киім, аяқ киім, сөмке, сабаққа керекті құрал-жабдықтарды алуға 25 мыңның жетпейтінін айтқан ата-аналар биыл бір үйден 1 балаға ғана көмек берілетініне де наразы.

 «Көпбалалы отбасылардың қанша баласы мектепте оқиды, барлығына ақша бөлініп жатыр. Ал біздің Қарасай ауданында бір үйден бір балаға ғана беріледі. 1 балаға қанша бөлінді, толықтай есепшотымызға аударып берсін. Біз сапасыз киімді алмаймыз. Ол киімді алдық делік, ол 1 айға шыдамай жыртылады, кейін өз ақшамызға жаңасын алуға мәжбүр боламыз», – дейді көпбалалы ана Мақпал Жұмабекова.

Ал әкімдік өкілі былтыр да, биыл да мектеп формасының сапасына байланысты бірде-бір ата-ана шағым айтқан жоқ дейді. Биыл киім-кешекке қанша қаражат жұмсалғанын нақты айта алмаған маман артқа қайтар жол жоқ деп отыр. Олай дейтіні – мектеп формасы сатып алынған, оның ақшасын шотқа аудару мүмкін емес. Әйтсе де, биыл қаулыда өзгерістің барын айтқан сектор меңгерушісі жаңа ереже күшіне әлі енген жоқ дейді.

«Үкіметтің қолданыстағы 64-ші қаулысы бар, онда мектеп формасын алып беру міндеттелген. Енді бұған өзгеріс еніп отыр. Мұнда шоттарына қаражат бөлу қарастырылған. Бірақ қаулы заңды күшіне енген жоқ», – дейді Қарасай аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Әсел Еркінбаева.

Қаулы 10 күн ішінде күшіне енсе де, 33 мыңға өскен әлеуметтік көмектің тек 15 мыңы шоттарына аударылады, себебі қазіргі қаулы бойынша 18 мыңға мектеп формасы алынған. Көмек көпбалалы отбасындағы әр балаға беріледі деген меңгеруші егер берілмесе, демек тізімде жоқ, құжат өткізбеген деп аналардың өздерін кінәлағандай болды. Биыл Қарасай ауданы бойынша «Мектепке жол» шеңберінде көмек берілетін 6500 отбасы бар екен.

Мәтін: sn.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!