Ерте заманда таудың құзар шыңын мекендеген қыран құс болыпты. Бір жылы әлгі бүркіт өмірінде бірінші рет үш балапан басып шығарыпты. Балапандардың қанаты қатайып, ұясынан ұшуға аз қалғанда бүркіт үш балапанын тырнағына қысып, теңіз төсіне алып шығыпты. Ұшып келе жатып қанат қаққалы тұрған балапандарынан соңғы рет сынақ алып, былай деп сұрапты:

– Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, мәпелеп бағып қаққанымды жақсы білесіңдер. Ертең өскесін, осының өтеуі ретінде маған қандай жақсылық жасайсыңдар?

Біріншісі айтыпты:

– Анашым, сенің ақ сүтінді ақтау үшін қолымнан келгенінің барлығын жасаймын. Мен сені өмір бойы қанатыма арқалап, алып жүремін. Дүниенің төрт бұрышын аралатам, таңғажайып тамашаларды көретін боласың, – депті.

Сонда бүркіт басын шайқап, уысындағы балапаның теңізге тастап жіберіпті. Сосын екіншісіне бұрылып:

– Ал сен не айтасың?

Екіншісі айтыпты:

– Анашым, мен сені ел аралатып босқа әуре қылмаймын. Ғаламның барлық кереметін алдыңа әкеліп беремін. Ішкенің алдыңда, ішпегенің артыңда болады, – депті.

Бүркіт тағы да басын шайқап, екінші балапанын су тұңғиығына тастап жібереді.Үшінші балапанына бұрылып, жарқыншақ толы дауыспен былай депті:

– Ал сен қалай жарылқайсың?!

Сонда үшінші балапан былай үн қатыпты:

– Анашым, өтірік қанша тәтті болса да, саған ащы ақиқатты ақтармасқа амалым жоқ. Маған жасаған жақсылығыңның шеті де, шегі де жоқ екенін, оны өтеуге бүкіл ғұмырымды арнасам да жетпейтінін жақсы білемін. Дегенмен, менің өмірім сені әлемді аралатуға да, сан түрлі ғаламаттарды алдыңа алып келуге де арналмайтынын айтқым келеді. Мен сенің маған жасаған жақсылықтарыңды өз балапандарыма жасау үшін өмір сүремін, – депті.

Кәрі бүркіт сонда ғана көкірек кере терең дем алып:

– Біздің әулет аманатын алға апарар, қыран деген атқа лайық бола алар ұрпақ туғанына көзім енді жетті, – деген екен.

Кейде біз балалық пәк көңілмен ата-анамызға мың сан жақсылық жасауды армандаймыз. Әлемді аралатып, қызылды-жасылды қызықтарды көрсетсек қандай жақсы болар еді деп ойлаймыз. Бірақ диірменнің тасындай шыр айналған өмір айналып келіп, өзіңді де ата-ана еткенде сол балаларды, ата-анаңнан көргенің бойынша, қамқорлықпен жеткізу жолында өмірдің қалай өтіп кеткенін аңдамай да қалатын сияқтысың.

Ата-анасынан бұрын өзінің балаларын ойлап жүретін ересектер әлеміне қарап осындай ойға келем.

Сымбат ИМАНБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!