Атырау облысында ауылда тұратын жас келіншек үйінде босанды. Кейін санитарлық көлікпен жас ана мен сәби Атырау облыстық перинаталдық орталығына жеткізілді.

Атырау облыстық жедел жәрдем стансасы директорының орынбасары Наргиз Баймолдаевның айтуынша, жүкті келіншек Құрманғазы ауданындағы Ақкөл ауылында тұрады.

«Жүкті келіншектің жасы – 23-те. Ол жүктіліктің 34-35-аптасында болған. Екі-үш күннен бері іші ауырғанын сезген. Ал, кеше таңертең толғағы басталып, жедел жәрдем бригадасы мен учаскелік дәрігерді шақырған», – деп хабарлады Наргиз Баймолдаева.

Оның айтуына қарағанда, жедел жәрдем бригадасының фельдшерлері мен жергілікті медицина қызметкерлері жүкті әйелді үйінде босандырып алған.

«Өмірге мерзімінен бұрын келген ұлдың салмағы – 2,1 келі, бойы – 51 см. Фельдшерлер сәбидің кіндігіне медициналық өңдеу жүргізді. Шақалақтың терісі, дене температурасы мен жүрек соғысы қалыпты. Анасының жағдайы жақсы. Ана мен бала алдымен Құрманғазы аудандық орталық ауруханасына шұғыл жеткізілді», – деп мәлім етті Наргиз Баймолдаева. 

Кейін жас ана мен сәбиді Атырау қаласындағы облыстық перинатальдық орталыққа жеткізу үшін санитарлық авиация шақыртылған. Алайда, кешкі мезгілде санитарлық әуе көлігін ұшыруға мүмкіндік болмаған, сол себепті санитарлық автокөлікпен облыстық перинаталдық орталыққа жеткізілген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!