«Қазқақпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің журналисті Виктор Сутягиннің көлігін түнгі уақытта қасақана өртеп жіберген. Бұл жайында Stan.kz ақпарат агенттігі Sputnik.kz сілтеме жасап хабарлайды. 

Қазіргі уақытта Атырау облысы Полиция басқармасының мамандары болған жайттың мән-жайын анықтауда. Белгілісі, «Қазақпарат» ХАА журналисті Виктор Сутягиннің көлігіне белгісіз біреу от қойған. Ал журналистің өзі көлікті әлдебіреу әдейі өртеп жібергенін айтқан, себебі барлығы көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. 

Виктор Сутягиннің айтуынша, оның көлігін мамырдың 11-інде түнгі екі жарымдардың шамасында Наурызәлиев көшесінің бойында өртеген. 

«Түнгі 12-іде сыртқа шықтым, көліктегі заттарымды алдым. Машинам жол жиегінде тұрған еді. Негізі көршілерім де көліктерін сөйтіп қаңтарып қоя салады. Бірақ өзімнің гаражым бар еді. Бұлай болатынын кім білген?… Бейнежазбаны қарайтын болсақ, ер адам түнгі 2.24-те көліктің капотына жақындағанын байқауға болады, анық көрініп тұр. Бірер сәттен соң жарылыс болады. Меніңше, әлгі ер адам жарақат алды-ау. Мені көршілерім оятты. Ол сәтте отта сөнген еді. Көліктің сау-тамтығы қалмаған», – дейді журналист Виктор Сутягин.

Виктордың айтуынша, өртті қасақана қойған, оған күмәні жоқ. Тек кімдердің оған тіс қайрап жүргенін болжап білер емес. 

«Мені ешкім қорқытқан жоқ, қысым да болмады. Қастасып жүрген жауларым бар деп те айта алмаймын. Әлде, көре алмай жүрген біреу болуы мүмкін бе? Меніңше, мұның барлығы жұмысыммен тікелей байланысты. Қызмет барысында талайдың шымбайына бататын дүние жазғаным анық», – дейді Сутягин.

Полицейлер оқиға орнына жедел жетіпті. 

«Полицейлерге өкпем жоқ, жарады. Мен ұйқыдан тұрған кезде тәртіп сақшылары қаптап жүрді. Оқиға орнына қылмыстық полицияның басшысы келді. Олар қолдарынан келгеннің барлығын істеп жатыр. Полиция басшысы байланысқа шығып, істі ерекше бақылауға алғандарын хабарлады. Әрекеттеріне ризамын»,- деп қосты журналист.

Атырау облыстық полиция басқармасы қазіргі уақытта осы іске қатысты «Басқа біреудің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» бабы бойынша сотқа дейін тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Бұл бапқа қатысты бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.  

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!