Азық-түлік бағасының шарықтап кеткені тұрғындарды қатты алаңдатуда. Бұл бәрінен бұрын отбасында бір емес, бірнеше баласы бар көпбалалы отбасыларға ауыртпалық тигізіп келеді. Көпбалалы отбасы үшін азық-түліктің қаншалықты қажет екені айтпаса да белгілі. Ана болған соң «балама болсыншы» деген түсініктің басты орында тұратыны анық. Жақында көпбалалы аналар базар бағасының күн өткен сайын шарықтап бара жатқанына наразы екенін жеткізді. Бағадағы өзгерісті менің де, сіздің де байқап жүргеніміз анық.

«Көпбалалы анамын. Әлеуметтік жәрдемақы аламын. Барлық ауыртпалық күйеуіме түседі, өзім баламен үйде отырмын. Бірақ жеткілікті деп әкелген азық-түлік айдың аяғына дейін жетпейді. Барлығы қымбаттап кеткен. Белгілі бір ақша­ға ық­шам­дап қана алуға тура келеді. Өзгелер не тамақ істеймін деп ойланып жатады, біз азық-түліктің қымбаттығынан енді не істейміз деп ойланатын күйге түсеміз. Оның несін жасырамыз, көпбалалы отбасында кездесетін үйреншікті жағдай. Дегенмен базар бағасын халықтың қалтасы көтере бермейтінін жеткізгіміз келеді. Жалақы көбеюде. Бірақ белгілі санаттың ғана. Қаңтар айынан бастап жалақы артса, баға одан әрі шарықтай ма деп қорқамыз», – дейді қала тұрғыны Жәмила.

Азық-түлік бағасы арзандамайды, керісінше, қымбаттамақ. Бұған мына сөз дәлел. «Азық-түлік бағасы 30 процентке қымбаттауы мүмкін. Бірақ мұндай жағдай көрші мемлекеттерде ,тіпті, тұтас әлемде болып жатыр. Сондықтан қазір бағаны бірқалыпты ұстап тұру мүмкін емес. Біздің қазіргі жалғыз мақсат – азық-түлік бағасының күрт көтерілуіне жол бермеу. Мысалы, ет бағасы неліктен еселеп өседі? Біріншіден, барлығын шетел сатып алса, екіншіден оған деген сұраныс азайса кезігетін жайт. Бұл бағаның өсуіне себеп болмақ», – дейді ҚР ауыл шаруашылығы министрі Ербол Карашакеев.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, инфляцияға қарсы шараларды іске асыру жөнінде кешенді жоспар әзірленді.Сондай-ақ апта сайын жиын өтіп, бағаны бақылайтын цифрлық үкімет жұмыс істейді. Нақты екі бағыттағы шаралар көзделген.

Биыл картоп былтырғымен салыстырғанда 100 мың тонна кем жиналған. Бұл дегеніңіз, картоптың құны жаңа жыл кезінде шарықтайды деген сөз. Осы орайда картоп, сәбіз және ұсақ малдарды шет елге шығаруға тыйым салынды.Үкіметтің бұл әдісі бағаны қаншалықты ұстап қалады екен?! Барлығын қойыңыз, 1 литр сұйық май 1000 теңге болыпты.

Халықты азық-түлік бағасының қымбаттағаны ғана алаңдатса жақсы. Онымен қоса көмір бағасы да тұрғындардың еңсесін түсіруде. Тіпті, кейбірі әлі де көмірге қол жеткізе алмай жүргенін жасырмады.

– Азық-түлік бағасы былай тұрсын, әлі үйге көмір алмадым. Қаптап ғана әкелуге мүмкіндігім жетеді. Бала-шағамның тоңып жүргенін көріп, жүрегім ауырады. Бірақ ақша азық-түліктен артылсын ба? Амал жоқ, басқа салғанды көреміз, – дейді Қанат есімді қала тұрғыны.

Кейде елде әкімшіліктің есігін торуылдап жүрген аналар жайлы естісек, жазғырамыз. Олардың тағдырына үңіліп қарамаймыз. Бірақ қанша жазғырғанмен, үлде мен бүлдеге оранып, жылы жерде, ыстық тамақты бала-шағасының аузына салып отырса, қақаған қыста еріккеннен көше кезбес еді деген ойда қылаң береді екен…

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!