Шаһарда күн өткен сайын қозғалыс көбеюде. Халық санымен бірге теміртұлпардың да қатары күн санап артуда. Қарқынды дамып келе жатқан қаламыз үшін жол – қарбаласқа толы жайтқа айналған. Соңғы кездері облыс орталығында көпшіліктің үйден жұмысқа, жұмыстан үйге асығатын сәтінде кептелістің пайда болғанын байқап жүрміз. Мұны тұрғындар жөнсіз қойылған жол белігілері мен бағдаршамдардың әсерінен дейді.

Қала тұрғындарынан  пайымдауынша, көлік кептелісінің негізгі себебін автокөліктің көбеюінен бұрын қарыс қадам сайын қойылған бағдаршамдар және заңсыз қойылған жасанды тегіс емес қондырғысының салдарынан екен. Мұны адвокат Мейірбек Даубалаев та растап отыр.

– Жол белгілеріне байланысты заңсыздық орын алуда. Мысалы, Антикор алдындағы яғни Желтоқсан көшесі бойында заңсыз қойылған жасанды тегіс емес қондырғысы орнатылды. Мұндай қондырғы заңдылығына сәйкес балабақша мен мектеп ғимараттарында орнатылуы тиіс. Ереже бойынша Желтоқсан 156 А мекен-жайы мұндай тосқауыл қойылуға арналмаған. Соның салдарынан  Желтоқсан мен Мұратбаев қиылысындағы бағдаршамнан келген көліктер кептіліс тудыруда, – дейді ол.

Мейірбектің мәселесіне қатысты қалалық полиция басқармасы ресми жауап қатты. Құзырлы органның құзіретіне кіретін тосқауыл бекер қойылмапты.

 «Желтоқсан көшесі №156 А мекен жайы тұсында орналасқан жаяу жүргінші өткелінде бірнеше жаяу жүргіншілердің қатысуымен жол апаттары тіркелген, сонымен қатар сол маңайда білім беру ұйымдары мен «Қызылорда Су жүйесі» мекемесі орналасқан. Осы жаяу жүргінші өткелінен аталған мекемелерге келушілер де өтуде. Осыған байланысты жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасанды тегіс еместік қондырғысы орнатылғандығын хабарлаймыз» делінген хабарламада. Десек те Желтоқсан көшесіндегі қолдан жасалған кептелісті күнделікті көзіміз көріп жүрген жайтқа айналды.

Тамыз бен қыркүйек айларында қала ішінде бағдаршам қондырғысы қарқынды қойылды. Бірі – орынды, бірі – орынсыз деген пікір халық арасында қақ жарылды. Көлік жүргізушісі Сағатбек Қуанышбайұлы жаңа бағдаршамдар кептелісті реттеудің орнына, ұзын сонар кезекке батырып қойды дейді.

– Тесік көпір мен Ақмаржан аялдамасының арасы 1 шақырымды құрамайды. Бірақ сол аралықта 4 бағдаршам бар. Қарапайым математикалық есептеуге салсаңыз, әр 250 метр сайын 1 бағдаршам орнатылған болып шығады. Осыдан кейін аталған көшедегі көлік кептелісі қайдан болмайды. Соңғы орнатылған Қорқыт ата мен Жаппасбай батыр қиылысындағы бағдаршам тіпті ақылға қонбайды. Бұрын ол жерде бағдаршам болмаса да кептеліс 5 минутқа созылып, тарқайтын. Бағдаршам қондырғалы кептеліс Ақмаржан аялдамасынан басталатын болды. Яссауи көшесіне жетемін дегенше мектептің 1 сабағы аяқталады. Мұндай сәттер қалада өте көп. Тағы бір мысал, Шоқай мен Мұратбаев қиылысында орналасқан  жаңа бағдаршам не үшін орнатылғаны мүлдем түсініксіз. Өйткені Шоқай көшесінің Жаңа базарға жеткізетін дәлізі бір бағыттық жол. Бағдаршам орнатылғаннан кейін ол заңдылықты алып тастауы керек қой. Сонда Жаңа базарға қатынайтын көліктер  Шұғыла мөлтек ауданы арқылы айналып жүрмейді. Желтоқсан мен Есенов көшесіндегі қондырғы да көңілге қонымсыз. Стадион мен екі аралық 100 метрді қамтиды. Бұл – кептелістің көкесін тудыратын жайт, – дейді Сағатбек.

Қалаға жаңа бағдаршамдарды орнатқан «Aknur auto» мекемесінің өкілі Бақытжан Кеңестен мәселеге байланысты пікірін білдік.

– Биыл қаланың 10 көшесіне жаңа бағдаршамдар орнаттық. Бұл әкімдік тапсырысына сәйкес жүзеге асты. Өйткені портал арқылы жеңімпаз атанып, белгіленген жерлерге қойдық. Әкімдік те қай жерлерге орналастырыу керек екенін анализ жасайды. Жол көлік оқиғалары көп орын алатын Жеңіс пен Астана даңғылы, Яссауи мен Төле би, Яссауи мен Мұратбаев, кептеліс тудыратын сол жағалаудың кіре берісіне секілді жерлеріне орналастырдық. Жалпы бағдаршамдар қаланың түйіткілді мәселесіне айналған көлік апатының алдын алуда септігін тигізіп жатыр, – дейді Бақытжан.

Иә, шаһарда 500 мыңға жетер жетпес тұрғын болса да көшелерде кептеліс орын алып, мегаполис мекеніне айналғандай күй кешуде. Халқы бірнеше миллионнан асатын әлем астанасы саналатын Нью-Йорк көшелеріндегі кептілісті болдырмау қала құрылысын жобалау кезінде өте мұқият ойластырылған. Қаланың іргетасы есте жоқ ескі заманда қаланса да, сол заманғы сәулетшілер болашақта туындауы мүмкін көлік кептелісі мәселесінің алдын алғаны таңғалдырады. Өйткені Нью-Йорктің көшелері кең әрі бір-біріне паралелль етіп салынған. Яғни жүргізуші баратын жеріне екінші бір көшеге түсіп те дер шағында бара алады.  Сондықтан жаңа дүниені қондырарда қала әкімдігі жеті рет өлшеп, бір рет кесілген ұтымды шешім шығару керек секілді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!