Үш айдан бері Ұлытау облысындағы онкологиялық аурулардың себептерін, оның ішінде Байқоңыр ғарыш айлағы қызметінің әсерін зерттеу мақсатында комиссия жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы ҚазАқпарат Экология министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Зүлфия Сүлейменованың қатысуымен аталған комиссияның көшпелі отырысы өтті. Ұлытау облысындағы онкологиялық аурулардың себептерін, оның ішінде Байқоңыр ғарыш айлағы қызметінің әсерін зерттейтін комиссия үш ай бұрын Мәжіліс депутаттарының бастамасымен құрылған.

Комиссия Жол картасын бекітті, осы Жол картасын іске асыру үшін ағымдағы жылғы 23-27 мамыр аралығында мүдделі мемлекеттік органдар су, топырақ және ауа сынамаларын алды. Жиында Зүлфия Сүлейменова аталған өңірдегі жағдайды дұрыс бағалау және Байқоңыр ғарыш айлағы жұмысының қатерлі ісіктердің дамуына әсерін анықтау үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті.

Осыған байланысты, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде Ұлытау облысындағы онкологиялық аурулардың себептерін, оның ішінде Байқоңыр ғарыш айлағы қызметінің әсері тұрғысынан зерделеу бойынша ғылыми-зерттеу жұмысына техникалық тапсырма жобасын әзірленбек.