ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, «AMANAT» партиясы жанындағы референдумды қолдауға арналған қоғамдық штабтың мүшесі Балайым Кесебаева Арал ауданына қарасты Қаратерең ауылдық округіндегі «Қуаныш» ЖШС балық зауытының еңбек ұжымымен кездесті.

Онда зауыт ұжымымен Конституцияның ел дамуындағы рөлін және жаңа Қазақстанды құрудағы конституциялық реформаның маңыздылығын талқылады.

«Бүкіл мына саяси жүйемізде, экономикалық жүйемізде, әлеуметтік өмірде жиналып қалған проблемаларды Ата заңымызды өзгертумен біз тепе-теңдік сақтауға, қайтаруға бағытталған үлкен реформаның алдында тұрмыз. Ашық талқылау өздеріңіз көріп отырсыздар. Осындай ұжымдармен кездесіп, әр топқа түсініктеме беріп, бұл референдумның маңыздылығы, өзгерістері туралы айтып жатырмыз. Конституциялық референдум өткізуге аз ғана уақыт қалды. Ел тарихындағы елеулі оқиғаға бей-жәй қарамай белсенді қатысу – әрбір азаматтың басты борышы. Себебі бұл – бүгінгі Қазақстанның ғана емес, келешек ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәт.»- деді Мәжіліс төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева.

Зауытта өткен кездесуге облыстық штабтың мүшелері Наурызбай Байқадамов, Мейрамбек Жұмашев және аудандық штабтың мүшелері де қатысып, еңбек ұжымын өзгерістерге дауыс беруге шақырды.
Кездесу барысында зауыт қызметкерлері референдумға қолдау білдіріп, заңға енгізілген толықтырулар мен түзетулердің дұрыс екенін айтты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!