Халықаралық балаларды қорғау күні орай аймақта мерекелік шаралар 20 мамыр мен 12 маусым аралығында «Бақытты бала – бақытты ел» тақырыбында ұйымдастырылады. Карантиндік талаптар қатаң сақталатын болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов мәлімдеді. – 1 маусым күні – Қызылорда қаласы және барлық аудан орталықтарында, қалалық демалыс паркінде, қалалық тарихи өлкетану музейі, студенттер сарайы, облыстық филармония залында, Н.Бекежанов атындағы музыкалық-драма театрында балаларға арналған шығармашылық іс-шаралар өткізіледі. Атап айтсақ, «Бала шақтан болашаққа» тақырыбындағы облыстық форум, жазғы мектеп ашылу рәсімі және «Бағдарламалау мектебі» жобасының презентациясы, «Жұлдызай» балалар шығармашылық фестивалінің қорытынды марапаттау кеші, «Балалар еңбегін қанауға қарсы 12 күн» ұлттық ақпараттық науқаны, балалардың жазғы сауықтыру демалысы кезеңінің ашылуы, қайырымдылық акциялар, – деді Бағдат Бердәулетов.Облыста 9 сауықтыру орталығы мен демалыс лагері бар. Биыл оның 8-і жұмыс жасайды. Онда 10556 мың бала демалыспен қамтылады. Ал мектеп жанындағы 275 күндізгі лагерге 90 263 бала барады.Сондай-ақ, 1-12 маусым аралығында «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» Ұлттық ақпараттық науқаны өткізіледі. «Бақытты балдәурен», «Әлем балалардың көзімен», «Бала – заңмен қорғалған тұлға», «Еңбектен бос балалық шақ», «Балалар еңбегін пайдалануға жол жоқ!», «Біз бала еңбегіне қарсымыз» тақырыптарында облыстық музейде экскурсия, лекция, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Науқан аясында Қызылорда облысының полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі, еңбек саласындағы бақылау және білім басқармалары мен үкіметтік емес ұйымдармен бірге «Отбасында зорлық-зомбылық жоқ!», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Көше» атты кең ауқымды рейдтік шаралар өткізу жоспарланған. – Рейд барысында орталық базар, көлік жуу орындары, қалалық демалыс паркі және компьютерлік клубтарды аралап, бала еңбегін заңсыз пайдалануды болдырмау мақсатында жеке кәсіпкерлерге және балалардың ата-аналарына ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіледі, – деді облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының бөлім басшысы Нұрбек Жапаков.
Аружан АМАНТАЙ ҚМУ-дың І курс студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!