Бір ауылда Дәулетхан есімді батыр болыпты. Ол батыр сағат сайын өсіпті. Әке-шешесі көптен күткен ұл болғандықтан одан ештеңе аямай, қолында барын беріп тәрбиелеген екен. Бір күні Дәулетханның ауылында құрғақшылық орын алып, шөлден төрт түлік қырыла бастайды. Ел ашаршылыққа ұшырап, күйі кетеді. Сол кезде Дәулетханның үйіне ақ сақалды, шапанының тоз-тозы шыққан қария кіріп келеді.

Амандық-саулық сұрасқан соң Дәулетханның әкесі қонақты төрге шығарады. Әңгімелесе келе қария қуаңшылықтан шығудың бір жолы бар екенін айтады. Қарияның сөзінше, биік таудың шыңында таңғажайып құс бар екен. Сол құсты ұстаған адамның кез келген арманы орындалатын көрінеді. құсты қолға қондырып, молшылық сұрайды ұсынады.

Бұны естіген халық құсты аулауға шығады. Алайда сапарға шыққан әрбір адамның арманы әрқилы екен. Бірі аттың басындай алтынды армандаса, екіншісі ханның қызын алсам деп тілейді. Дәулетхан да жолға шығуға бел буып, әке-шешесінің батасын алған соң тауға қарай бет алады.

Батыр жолға байлықты аңсаған басқа да ерлермен ере шығады. Жолай түнейтін орын ыңғайлағаннан кейін Дәулетхан шапанын төсеп ұйқыға кетеді. Сапарластардың арасында қулық- қастығымен аты шыққан Санжар деген алаяқ жігіт болыпты. Құсқа бірінші жету үшін жанындағы серіктеріне қастық қылуды ойлаған екен. Осы ойын жүзеге асырмақ болып, Дәулетханның су ішетін торсығының ішіне ұйықтататын дәрі салып жібереді. Оны ішкен Дәулетхан екі күн қозғалмастан ұйықтайды.

Екі күннен кейін оянған ол серіктерінің жолға шығып кеткенін аңғарады. Сапарластардың қара ниетін түсінген Дәулетхан жүйрік атқа мініп, олардың ізінен шаба жөнеледі. Бір кезде алдынан үлкен тау кезігіп, таудың жанында бір-бірін өлтіруге оқталған сапар­ластарын көреді. Бәрінің ойы сиқырлы құсты торға қамап, арманын орындату еді.

Сол сәтте Дәулетхан кішкентайынан баққан жүйрік жылқысына қамшы басып, шаба жөнеледі. Жылқы екі орғығанда таудың шыңына жетіпті. Сөйтіп сұлу құсты басқалардан бұрын алып, арманына жетеді. Сонда құс Дәулетханға адам дауысымен сөйлей жөнелген екен.

–Дәулетхан, сені ата-анаң жақсы тәрбиелегенін білемін. Мені қинайды деп ойламаймын. Кішкентай балапандарыма барайынғ мені жібер, – деп жалбарынады.

Дәулетхан киелі құстың сөйлегеніне таңқалып, қайтара жауап береді:

–Сиқырлы құс, сені жіберер едім, бірақ елім құрғақшылықтан қиналып жатыр. Бір тамшы жауын жаумай, өзен-көл кеуіп, төрт түлік қырылып жатыр, – деп шындықты айтады.

– Сенің арманыңды орындаймын.  Елің құрғақшылықтан құтылады. Тек мені еркіме жіберсең болды, – дейді сиқырлы құс.

Дәулетхан сиқырлы құсты қоя береді. Ертеңіне ауылына жетсе, жаңбыр жауып тұр екен. Өзен-көл суға толып, жерге шөп шығып, ауыл тегіс аман қалыпты. Ел-жұрт Дәулетхан мен сиқырлы құсқа алғысын жаудырып, батасын береді.

Жыл сайын әлгі сиқырлы құс сол ауылдың төбесінен ұшып өтеді. Оны тек Дәулетхан ғана көре алған, ал басқа адамдарға ол кәдімгі құс болып көрініпті. Батыр оны көрген сайын төбеге қарап, сиқырлы құсқа еліне жасаған жақсылығы үшін алғыспен қолын бұлғайды екен.

Дана ЕРМАҒАМБЕТОВА,

И.В.Панфилов атындағы

 №5 мектеп-лицейдің оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!