Патриотизм адам бойында өздігінен қалыптаса қоятын қасиет емес, ол адамгершілік қағидасының бір қанаты іспеттес ұғым. Отанға деген сүйіспеншілік және сол Отанды қорғау әр азаматтың міндеті мен борышы. «Үйдің іргесі биік болсын десең, қабырғасын асықпай қала» дейді халқымыз. Сондықтан да, болашақ ұрпаққа сәби кезінен бастап ананың ақ сүтімен патриоттық сезімді дарытсақ, Отанымыздың алар асуы алда екендігі ақиқат.

Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаментінің офицерлері мен Шекара академиясының курсанттары өңірдегі Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің арнайы шақыртуымен Ә.Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейінің оқушыларына ерлік сағатын өткізді.

Офицерлер мен курсанттар өскелең буын өкілдерін еліміздің патриоты болуға шақыру, отансүйгіш, ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған шараға тыңғылықты дайындықпен келді. Ерлік сағатында оқушыларға арнайы ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әскери қызметтің қыр-сыры туралы мәліметтер берілді. Қатысушы жастарға Шекара академиясы туралы арнайы әзірленген бейнеролик көрсетіліп, ведомствалық «Отан сақшысы» газеті мен «Шекарашы» басылымдарына шекара қызметінің әр кезеңінде жарыққа шыққан мерейтойлық кітаптары назарға ұсынылды.

Оқушылар мен әскери қонақтар еркін форматта әңгімелесіп, көкейлерінде жүрген сұрақтарына толық ақпарат алуға мүмкіндік берілді. Бүгінгі жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу – мемлекеттік идеологияның темірқазығы болу тиіс десек, мұндай тағылымды шаралар оң ықпалын тигізері сөзсіз.

Шекара академиясына оқуға түсуге орта білімі бар 17-27 жас аралығындағы азаматтар үміткер бола алады. Ол үшін «Нұрсұлтан» даңғылы, №14 мекенжайында орналасқан ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаментіне өтініш қалдыру қажет.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!