Мүлік сатуға арналған krisha.kz сайтында Астана қаласындағы қымбат аудандардың бірінде жеті бөлмелі пәтер сатылатыны туралы хабарландыру жарияланды. Arbat Media басылымының мәліметінше, аталған пәтер бұрынғы депутат Бекболат Тілеуханға тиесілі болуы әбден мүмкін деген болжам бар.
«Қазір Түркияда тұрып жатқан Бекболат Тілеухан Нұр-Сұлтанның сол жағалауындағы қымбат пәтерін сатуға шығарған болуы мүмкін. Есіл ауданында орналасқан пәтердің бағасы – 160 млн теңге», деп жазады аталмыш дерек көзі.
Сонымен қатар дерек көзі Krisha.kz сайтында жарияланған хабарландырудағы фотосуреттер саясаткердің әлеуметтік желідегі жеке аккаунтындағы суреттеріне өте ұқсас екендігіне де назар аударған.
«Әсіресе, кіреберістегі қабырғасы мен бөлменің қазақы нақышпен жасалған көрінісі аумайды. Пәтерде барлығы жеті бөлме, жуынатын төрт бөлме, үш гардероб, асхана, үш балкон және лоджиясы бар. Үйдің жалпы ауданы шамамен 350 шаршы метр. Пәтер есігі брондалған, құлыптары кодпен ашылады және үй төбесінің биіктігі үш метр. Сатуға шығарылған пәтер жайында бұрынғы депутаттың өзі пікір бермеді», делінген дерек көзінде.
Естеріңізде болса, бұған дейін Бекболат Тілеухан Түркия азаматтығын алды деген сыбыс тараған болады. Алайда экс-депутат әлеуметтік желі арқылы өзінің төлқұжатын көрсетіп, ел азаматтығынан шықпағанын әрі басқа Түркияда қалу туралы ойы жоқ екенін хабарлаған болатын.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!